И.Тасмағамбетов: Елордада қолжетімді баспана салу жұмыстары төрт бағытта өрбуде
Бұл туралы бүгін Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан елорданың әрі қарай дамуы мәселеріне арналған кеңес барысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
Қала басшысының атап өтуінше, елордада қолжетімді баспана салу жұмыстары төрт бағыт бойынша жүргізілуде. Біріншісі - Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы несиелеу жүйесі. Аталған бағыт аясында 3 жылдың ішінде 1500 пәтер салынатын болады. «Екіншіден, Сіздің Қазақстан халқына арнаған Жолдауыңызға сәйкес «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстарды атқару міндеті тұр. Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның негізін Үкімет жасап жатыр. Өз кезегінде қала қазірдің өзінде қажетті жерді инженерлік желілерін тарту және құрылысты қарқынды жүргізу үшін резервке алып қойды», - деді ол.
И.Тасмағамбетовтің атап өтуінше, үшінші бағытта жалға берілетін үйлердің құрылысына ден қойылмақ. Бұл бағытта үш жылдың ішінде 3 мыңнан астам баспана пайдалануға берілген.
«Төртінші - «Хан Шатыр» кешені мен Қабанбай батыр даңғылының батысына қарай, әуежайдан Сығанақ көшесіне дейінгі аумақты алып жатқан «Мыңжылдық аллеясы» ауданын қарқынды игеру басталады. Осы инвестициялық жобаға сәйкес аталған аумақта шамамен 8,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады. Айта кетерлігі 12 нысанда құрылыс жұмыстары басталды», - деді қала әкімі.