И. Тасмағамбетов кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайтуда қол ұшын бермек

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - 28-ші қазанда өткен Кәсіпкерлер палатасы Астана қалалық кеңесінің бірінші отырысында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов бизнесмендердің күрделі мәселелерін шешуге жеке өзі атсалысатынын айтты.

«Бізге көптеген мәселелерді шешу керек. Қалада бизнестің қарқынды дамуы біз үшін өте маңызды. Менің талдауым бойынша, дүкенге жеке кірер есік салу үшін жер телімін бөлу және пәтерді дүкенге арнап қайта жобалауға 515 жұмыс күні кететінін аңғардым. Мұндай мәселелерді бір апта ішінде шешу жағдайларын қарастыруға болады. Азаматтардың рұқсат алып, әрі қарай жұмысты бастауын ұйымдастыруға дайынмын», - деді қала басшысы.

И. Тасмағамбетов өз сөзінде шағын және орта бизнес қаланың жалпы өнімінің 80% құрағанын қалайтынын атап өтті.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев Астана бизнесмендері билікпен сапалы диалог жасауы керек екендігін атап өтті.

Тимур Құлыбаев Кәсіпкерлер палатасының Астана қаласындағы Өңірлік кеңесі мүшелеріне арнап: «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астанада орналасқан, сондықтан сіздердің осы жерде жұмыс жасауға жақсы ұстанымдарыңыз бар. Өңірлік палатаның негізгі міндеті билікпен сындарлы диалог жасау. Бұл ең алдымен әкімдік, үкімет, басқа да мемлекеттік органдар», - деді. Бұл туралы ҚР ҰКП баспасөз қызметінен хабарлады.