І жартыжылдықта Қазақстанда негізгі капиталға инвестициялар көлемі 7,1 пайызға артты - Статистика агенттігі

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Республикада 2013 жылдың қаңтар-шілдесінде негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2821,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінен 7,1%-ға артық. Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті, деп жазады primeminister.kz.

Сонымен қатар, ол өнеркәсіптік өндіріс көлемі сәйкес мерзіммен салыстырғанда 1,9% артып, қолданыстағы бағаларда 10228,8 млрд теңге құрағанын айтты.

Осылайша, тау-кен өңдеу өнеркәсібінде және карьер жасауда өндіріс 2,6%-ға, өңдеу өнеркәсібінде - 1,3-ға, электрмен жабдықтауда, газ, бу жеткізуде және әуе кондициялауда - 0,8%-ға артқан.

Оған қоса, ауыл шаруашылығы өнімдерін жалпы шығару көлемі ұлғайып, 681,1 млрд теңгені құрады, бұл 2012 жылдың қаңтар-шілдесінен 1,8%-ға артық.

Өз кезегінде көлік саласы бойынша нақты көлем индексі 2013 жылдың қаңтар-шілдесінде 107,2% құрады, «Байланыс» - 114,4%, «Сауда»- 112,5% деңгейінде болды.