IAAF мамандары Астанада марафон өтетін жолды тексерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының  (IAAF) танымал мамандары, испаниялық Мигель Анхел мен Рамон Хорхе 27 тамызда Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) марафоны өтетін жолды тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Жеңіл атлетика федерациясының мәліметінше, Мигель Анхел мен Рамон Хорке бұған дейін маусым айында келіп кеткен болатын. Осы жолы марафонға дайындықтың финалдық кезеңін тексеріп, 42 шақырым 195 метрді өлшеп көрді. Ол марафоншылар жүгіретін жолды велосипедпен жүріп өтті. Испаниядан келген мамандарға Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы спорттық директорының ассисенті Артем Жигалов көмектесті.

Енді Астанадағы тас жол IAAF-тың лицензициясын алатын болады. Яғни алдағы уақытта елордамызда марафоннан және жартылай марафоннан әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ 27 тамызда өтетін ШЫҰ марафонындағы әр түрлі нәтижелер мен рекордтарды Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы есепке алады.