Ибрагимович гол салмаса екен...- Қазақстан футбол құрамасының бапкері М. Беранек

АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Астанада Швециямен кездеседі. Ойын алдында қос құрама бапкерлері баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды alaman.kz.

Мирослав Беранек, Қазақстан құрамасының бапкері: «Ойынға барлығы дайын. Танат Нөсербаев пен Самат Отарбаевтың жарақаты бар. Олар ойынға шықпайды. Швеция құрамасы қашанда ойында басымдылыққа ие болуға тырысады. Және бұл елдің құрамында әлемге әйгілі ойыншылардың бірі Златан Ибрагимович бар. Осы футболшы біздің қақпаға гол салмағанын қалаймын».

Эрик Хамрен, Швеция құрамасының бапкері: «Біз Қазақстанға қарсы қалай ойнау керектігін білеміз. Өз жоспарымыз бар. Мақсат - тек жеңіс. Дегенмен, қарсыласымызды құрметтейміз».

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Швеция алғаш рет ӘЧ-2014 додасы аясында кездесіп, Мальмеде өткен ойында шведтер 2:0 есебімен ұтқан. Ал бүгінгі матч Астана уақыты бойынша 22:00-де басталады. Тікелей эфир - «Хабар» арнасында.

Атап өтейік, Шведтердің басты жұлдызы Златан Ибрагимович ойынға алғашқы минуттан шығады.