Ибраһим келісімдері дегеніміз не

Фото: Википедия

АСТАНА. KAZINFORM — 2020 жылы АҚШ делдалдығымен қол қойылған Ибраһим келісімдері Израиль мен араб елдері арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделінің негізін қалады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Ибраһим келісімдері немесе Ибраһим келісімі — Израиль мен бірнеше араб елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге бағытталған бірқатар келісім.

Бұл атау иудаизм, ислам және христиан діндері ортақ рухани ата-бабасы деп санайтын інжіл пайғамбары Авраамға (Ибраһим) қатысты.

Бастама 2020 жылдың тамыз айында жарияланды, ал 15 қыркүйекте Ақ үйде құжаттарға ресми қол қою рәсімі өтті. Оған АҚШ президенті Дональд Трамптың делдалдығымен Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Израильдің сыртқы істер министрлері мен көшбасшылары қатысты.

Бұл келісімдер Мысыр (1979) және Иорданиямен (1994) жасалған бейбітшілік келісімдерінен кейін Израильдің араб елдерімен қарым-қатынасын ресми түрде қалыпқа келтіру жолындағы алғашқы қадам болды.

Кейінірек бұл бастамаға 2020 жылдың желтоқсанында Марокко, ал 2021 жылдың басында Судан қосылды. Бұл ретте Судан бүгінгі күнге дейін келісімді ратификациялау процесін аяқтаған жоқ.

Құпия байланыстардан ресми дипломатияға дейін 

Келісімдер Израиль мен араб елдері арасындағы ұзақ мерзімді, бейресми ынтымақтастықты ресми түрде ресімдеуге деген ұмтылысқа негізделген. 2010 жылдары ішінде аймақ мемлекеттері Иранның өсіп келе жатқан ықпалы мен оның ядролық бағдарламасына қатысты ортақ алаңдаушылықтар аясында біртіндеп жақындай түсті. 

Фото: АҚШ Мемлекеттік департаменті

Аймақтағы қауіп күшейген сайын барлау агенттіктері мен жоғары лауазымды шенеуніктер арасында байланыс орнатылды, ал 2018 жылға қарай Израиль шенеуніктерінің Парсы шығанағы мемлекеттеріне сапарлары әдеттегі жағдайға айналды.

Бұл процесс 2020 жылы шарықтау шегіне жетті, сол кезде Израиль мен БАӘ Трамптың бейбітшілік жоспарында көзделгендей, Батыс жағалауының кейбір бөліктерін аннексиялау жоспарларын тоқтата тұру үшін қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге келісті.

Марокко үшін бейбіт келісімге қарай жасалған қадам Құрама Штаттардың Рабаттың Батыс Сахарадағы егемендігін мойындауымен, ал Судан үшін терроризмді демеуші мемлекеттер тізімінен шығарылуымен және халықаралық қаржылық көмекке қол жеткізуімен қатар жүрді.

Жаңа дипломатия ретіндегі экономика

Осы арада келісімдердің мәні елшілер алмасуынан әлдеқайда асып түседі. Ибраһим келісімдеріне қатысушылар өзара инвестициялар, сауда, туризм, сондай-ақ технология алмасуға және әскери ынтымақтастыққа жол ашты. 

Фото: АҚШ Мемлекеттік департаменті

Қол қойылғаннан кейінгі алғашқы жылдары Израиль мен келісімдерге қатысушылар арасындағы сауда бірталай өсті, бірлескен энергетикалық және көлік жобалары пайда болды, ал екі тараптың зерттеу орталықтары бірлескен зерттеулер жүргізе бастады.

— Экономикалық өзара тәуелділік тұрақты бейбітшіліктің негізін қалайды. Тараптар энергетика, логистика және ғылым салаларында ортақ мүдделерді дамытқан кезде әскери қақтығыс ықтималдығы төмендейді, — деп атап өтті Таяу Шығыс зерттеу орталықтарының сарапшылары.

Ибраһим келісімдері дипломатиялық табыстарына қарамастан араб әлемінде әртүрлі реакция тудырды. Таяу Шығыс үкіметтерінің көпшілігі бұл бастаманы қолдады, бірақ Палестина мәселесінде ілгерілеушіліктің болмауына байланысты сақтық танытты. 

Келешегі және кеңеюі 

Ибраһим келісімдеріне қол қойылғаннан бері Вашингтон олардың географиялық ауқымын кеңейту ниетін бірнеше рет мәлімдеді. 2025 жылы Трамп әкімшілігі Сирия, Ливан және Сауд Арабиясын осы форматқа қосу мүмкіндігі туралы жұмысты жариялады. Бұрын кеңейту туралы келіссөзге Орталық Азия және Африканың бірнеше мемлекетіне қатысты болғаны туралы хабарланған болатын.

Аймақ үшін Ибраһим келісімдері тек дипломатиялық серпіліс қана емес, сонымен қатар қақтығыс саясатынан прагматикалық ынтымақтастық моделіне көшудің көрсеткіші болды. Олардың табысы экономикалық ашықтықты Таяу Шығыстағы ұзақ уақытқа созылған қақтығыстарды шешуге шынайы көзқараспен біріктіруге бола ма, жоқ па, соған байланысты болады.

Бұған дейін Трамп Қазақстан Ибраһим келісіміне қосылған бірінші ел екенін мәлімдеді