АСТАНА. ҚазАқпарат – Иерусалимде лаңкестік әрекет жасалып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап.
Автомобиль жоғары жылдамдықпен келіп, автобус аялдамасына соғылады. Оқиғадан екі адам көз жұмды, оның бірі – 6 жасар бала. Сондай-ақ, тағы алты адам жарақаттанды.
Көліктің жүргізушісі оқиға орнында атылған. Кейін анықталғанындай, ол Шығыс Иерусалимде тұрған 31 жастағы палестиналық болып шықты. Тәртіп сақшылары оның әрекетін лаңкестікке жатқызды. Террористің туыстары қамауға алынды, ал үйі мөрленді. Израильдегі БАҚ шабуыл жасаған адамның жүйке жүйесінде дерті болғаны, оның осы аптада ғана ауруханадан шығарылғаны туралы ақпарат таратты.
Өткен айдың аяғында Шығыс Иерусалимдегі Неве-Яаков ауданында синагога жанында террористік акт ұйымдастырылып, 7 адам қаза тапқан еді. Мұнан соң Израильдің қорғаныс әскері лаңкестің ата-анасын ұстағаны хабарланды.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.