— Сәуле Лябиқызы, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз…
— Туып өскен жерім — Семей қаласы. Педагогика саласында 1984 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Жалпы білім беретін мектептен бастадым, қазір еңбек өтілім — 40 жыл. Украинада орыс тілі мамандығын игердім. Семейде көзі нашар көретін балалар оқитын мектепте 15 жыл жұмыс істедім. Тифлопедагогпін. Алдағы жылы қаңтарда зейнетке шығамын.
— Елордада сізді қандай өзгерістер күтті? Жұмысты неден бастадыңыз?
— 2014 жылы балаларым Астанаға көшіп келгеннен кейін мен де келдім. Ол кезде елордада аталған сала енді-енді қолға алынып жатқан, балалар аз, арнайы мектептер жоқтық қасы. Уақыт өте келе мектептерде арнайы кабинеттер ашыла бастады. Жалпы көзі нашар көретін және мүлдем көрмейтін балалар 8 деңгейге бөлінеді. Уақыт өте келе дефектолог мамандығын оқыдым.
— Қазір қай мектепте еңбек етіп жатырсыз? Жетістіктеріңізбен бөліссеңіз…
— Қазір елордадағы № 10 мектеп-гимназияда еңбек етемін. Тәжірибемде 10 жасына дейін мектепке бармаған баланы оқытқан кездер болды. Оған себеп, ата-аналары намыстанады, қоғамға көрсеткісі келмейді, т. с. с. Дегенмен, көзі нашар және мүлдем көрмейтін балаларға қоғамның назары ерекше. Бұл ерекше балалар өте зерек келеді.
— «Жақсы адамдарым» жобасы туралы айтыңызшы. Сізге ұсыныс түсті ме, әлде қатысуға өзіңіз ниет таныттыңыз ба?
— Мен осы жылдары ұстаздармен тәжірибемді бөлісіп, қалалық, республикалық деңгейде түрлі семинарлар, тренингтер өткізіп келем. Қалалық білім басқармасы және Оқу-ағарту министрлігі ықпал етті. Сонымен қатар жеке ұйымдар да қолдау көрсетті. Таяуда министрліктен хабарласты «Жақсы адамдар» деген республикалық телевизиялық бағдарлама бар, балаларыңызбен қатыссаңыз» деп. Мен ұсынысты қуана қабыл алдым. Өйткені, игі істерді қоғамның көбірек білгені, еңбекті көрсеткен абзал. Ол алдымен қоғамның назарын аударады, ата-аналарға қолдау және балалардың дами түсуіне, ашыла түсуіне ықпалы зор. Мысалы, бір оқушым бар 40 композицияны жатқа біледі, оның ішінде қазақ және шетел шығармалары бар. Балаларымның әр жетістігін көріп қуанамын. Олар үшін тағы бір үлкен көмек — спорт. Балаларды аптасына бірнеше рет қаладағы паралимпиадалық орталыққа апарамыз. Көзі нашар көретін және мүлдем көрмейтін балаларға арналған курс жинағын шығардым.
— Жоба өтіп жатқанда қандай көңіл-күйде болдыңыз, қобалжу болды ма?
— Әрине қобалжу болды, оның үстіне республикалық деңгейде, еліміздің түкпір-түкпірінен қатысты. Дегенмен, үміт болды әрине. Жеңгеніме өте қуаныштымын, бұл жеңіс — көптеген педагогтің еңбегі, мен жалғыз өзім ештеңе де істей алмас едім. Ұйымдастырушыларға мың алғыс. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз.
Айта кетейік, Jibek Joly телеарнасындағы «Жақсы адамдарым» жобасының мақсаты — әртүрлі салада еңбек етіп, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген мықты мамандарды, еңбек адамдарын, қайырымды жандарды халыққа таныстыру. Биыл дәстүрлі іс-шарада білім, ғылым, медицина, спорт және құтқару қызметі бойынша 7 адамға арнайы сыйлық тапсырылды.