АСТАНА. KAZINFORM — Әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек үшінші жыл қатарынан Ролан Гаррос турнирінің чемпионы атанды.
Ига Швентек финалда италиялық Ясмин Паолиниге еш мүмкіндік қалдырған жоқ — 6:2, 6:1.
Осыған дейін Ига 2020, 2022, 2023 жылдары Франция ашық чемпионатында озық шыққан еді. Ол 2021 жылы ширек финалда грекиялық Мария Саккариге есе жіберген еді. Ол жылы чехиялық Барбора Крейчикова жеңімпаз атанды.
Биыл И.Швентекті екінші айналымда әлемнің бұрынғы 1-ракеткасы, жапониялық Наоми Осака ұтып кете жаздады, бірақ өз мүмкіндігін пайдалана алмады.
Бұл — И.Швентектің «Үлкен дулыға» жарыстарындағы бесінші титулы.
Ал Ясмин Паолини өз спорттық жолында алғаш рет ірі табысқа қол жеткізді. Біраз мықты теннисшіні жолдан тайдырған Паолини ширек финалда қазақстандық Елена Рыбакинаның осал тұсын тапты.
Осы табысынан кейін Ясмин әлемдік рейтингіде үздік ондыққа кіреді.
Ерлер арасында чемпиондық атақ үшін жексенбі күні испаниялық Карлос Алькарас пен германиялық Александр Зверев таласады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).