II Халықаралық балет әртістерінің конкурсы басталды

АСТАНА. Желтоқсанның 1-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында II Халықаралық балет әртістерінің конкурсы шымылдығын ашты,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілгелі жатқан байқауға Қытай, Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның балет  өнерінің талантты жастары қатысады.

 Конкурс Қазақстандағы классикалық өнерді дәріптеу және отандық хореографияны әлемдік үздік орындаушылық дәстүрлерімен байыту, сондай-ақ шығармашылық байланыстарды кеңейту мақсатында өткен жылы бастау алған.

 Конкурсқа КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Людмила Семеняка, Рим би академиясының ректоры Маргарита Парилла, Бейжің би академиясының профессоры Сиао Су Хуа, жапондық «Тойота-Сити-Балет» хореографиялық колледжінің бас директоры Сува Хитоши, Халықаралық балет конкурстары федерациясының төрағасы Сергей Усанов және ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев қазылық жасайды. 

 «Конкурс жайындағы алғашқы әсер өте жақсы. Кеше біз жергілікті балет бишілерінің дайындығын көріп, шын мәнінде олардың өнеріне қатты сүйсіндік. Италияда жалғыз балет мектебі саналатын Рим би академиясы мен Астана арасындағы әріптестіктің орнауына ықпал жасайтын алғашқы қадам осы болсын», деді Рим би академиясының ректоры Маргарита Парилла.

 ІІ Халықаралық балет әртістері конкурсының негізгі кезеңдері желтоқсанның 2-сі мен 4-і аралығында өтіп, салтанатты жабылуы және конкурс лауреаттарының гала-концерті желтоқсанның 5-інде өтеді.