ІІМ басшысы екі көліктің соқтығысуы бойынша жүргізілген қылмыстық істі бұрмалағандарды жазалауға бұйрық берді

None
АСТАНА. Желтоқсанның 21-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ішкі істер министрі С.Баймағамбетов Алматыда бірнеше адамның өліміне алып келген «Порше Кайен» және «Тойота камри» көліктерінің соқтығысуы бойынша жүргізілген қылмыстық істі бұрмалаған тергеушілерді жазалауға бұйрық берді.

Бұл туралы бүгін брифингте ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қ. Жұмановтың айтуынша, қазанның 19-да Алматыда болған жол апатын тергеу кезінде полиция қызметкерлері іс-әрекеттерінің заңдылығына тексеріс жүргізілді. Тексеру қорытындысында қылмыстық істі жүргізу заңдылығын бұзу фактілері анықталған.

 Көп кешікпей министр С.Баймағамбетов Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің қызметкерлерін жазалау туралы бұрыққа қол қойды.

 «Аталған бұйрық негізінде Алматы қаласының ІІД-нің Анықтау басқармасы жол-көлік оқиғаларын тергеу бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы В. Амрақұлов полиция қызметкері атына кір келтіргені, қылмыстық істі жүргізу заңдылығын бұзғаны және осы жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу кезінде азаматтарды әуре-сарсаңға түсуге жол бергені үшін қызметінен босатылды», дейді Қ. Жұманов.

 Сонымен қатар, Министрдің бұйрығымен Анықтау басқармасының бастығы Т. Нүсіпәлиев пен басқарманың бөлім бастығы М. Өмірбаев ішкі істер органдарынан аласталды.

 Қылмыстық іске заңсыз араласқаны үшін ІІД-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Б. Жылқыбаевқа қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді. Ведомстволық бақылау жүргізуде селқостық танытқан Алматы қаласының ІІД бастығының орынбасары М. Ұрымхановқа ескерту жасалды.

 Еске сала кетейік, қазанның 19-ы күні Алматыда көше қиылысын кесіп өтпек болған кезде «Тойота Камри» көлігін бағдаршамның тыйым салатын белгісіне қарамай,  үлкен жылдамдықпен «Порше Кайен» көлігі келіп  соққан. Нәтижесінде тойота жүргізушісі және оның жолаушылары - екі қыз көз жұмады. Кінәлі порше көлігінің жүргізушісі А. Қайымсұлтанов оқиға орнынан қашып кетеді. Ал тергеу болса, порше көлігінің иесі пайдасына фактілерді бұрмалауға жол береді.

 Қазіргі уақытта  А. Қайымсұлтанов іздестірілуде.