Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі брифинг барысында мәлім болды.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығына сәйкес бұған дейін ағымдағы жылдың 21-28 мамыр аралығында кезектен тыс аттестаттаудың бірінші кезеңі болып өткен еді. Жоғарғы Аттестаттау комиссиясының бірінші кезеңінде аттестаттаудан 23 қызметкер өткен болатын. Ал 28 мамыр және 4 маусым аралығында аттестаттаудың екінші кезеңі өтті. Оған 69 қызметкер, яғни ІІМ басшылығы, министрдің барлық орынбасарлары, орталық аппараттың комитет төрағалары, департамент басшылары және облыстық Ішкі істер департаменттері, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің басшылары қатысты.
«11-19 маусым аралығында 69 қызметкерді қамтитын аттестаттаудың үшінші кезеңі өтпек. ІІМ Орталық аттестаттау комиссиясындағы кандидаттардың барлығы екінші кезеңде Жоғары аттестаттау комиссиясының аттестаттауынан өтті. ІІМ-нің тізімі бойынша Орталық аттестаттау комиссиясындағы кеңесінде 2 779 адам аттестаттаудан өтеді. ІІМ бұйрығымен жеке құрамды аттестаттауды өткізудің кестесі және жоспары бекітілді. Оған сәйкес ІІМ аттестаттау комиссиясының бірінші отырысы маусымға жоспарланып отыр», - дейді ІІМ баспасөз қызметінің басшысы Нұрділдә Ораз.
Аттестаттау комиссиясының отырысына 3-4 күн қалғанда оқ ату, дене шынықтыру даярлығын, компьютерлік тестілеудің нормативтерін қабылдау үшін Кадр жұмысы департаментінің 2-3 қызметкері жіберіледі.
Өңірлік бөліністердің басшыларын аттестаттау маусым айының соңында басталып (полицияның 20 жылдығына орай өткізілетін салтанатты іс-шаралардан соң), 20 тамызда аяқталады.