13:42, 08 Сәуір 2009
ІІМ: Есірткі бизнесіне қарсы күресте нақты өзгерістер енгізілді
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесімен күресте полицейлер жұмысына нақты өзгерістер енгізілді.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің төрағасы Жанат Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ж.Сүлейменовтің айтуынша, ел аумағында есірткінің таралуына тосқауыл қою мәселесі бойынша Үкімет басшысының қойған міндеттерін орындау мақсатында полицейлердің қызметін үйлестіруде елеулі өзгерістер енді. Негізгі күш ұсақ есірткі сатушылары мен таратушыларына емес, ірі тасымал арналарының жолын кесуге бағытталады. «Ең бастысы Қазақстанның оңтүстік өңірлердегі шекара бекеттерін нығайтуға көңіл бөлінеді. Сараптама көрсетіп отырғандай, Ауған жерінен келетін есірткі елдің оңтүстігі арқылы таралады»,-деді комитет төрағасы. Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті Шекара қызметімен, Кедендік бақылау және Ұлттық қауіпсіздік комитеттерінің қызметкерлерімен бірлесіп оңтүстік аумақтағы шекараларда, сондай-ақ аймақтың барлық периметрі бойынша рейдтер ұйымдастырмақ. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында есірткі тасымалдаудың жасырын жолдарын анықтау мақсатында жедел топтар құрылуда.«Осындай жедел құрылымдар Шымкент және Қарағанды қалаларында да болады. Себебі Шымкент пен Қарағанды қалалары арқылы есірткінің негізгі транзиті өтеді», - деп атап көрсетті ол.