ІІМ Қостанай облысындағы жоғары лауазымды полицейді қызметінен шеттету себебін атады
12:23, 01 Ақпан 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - ІІМ Қостанай облысындағы жоғары лауазымды полицейді қызметінен шеттету себебін атады, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаевқа сілтеме жасап.
«26 қаңтар күні Қостанай облысы ІІД жеке қауіпсіздік басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Ақбердиев өз қонақтарын орналастыру үшін Қостанай қонақ үйлерінің біріне келген. Қонақтар мен мекеме қызметкерлері арасында жанжал туындаған және Ақбердиев құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын жасамай, оқиға орнынан кетіп қалған», - деді Садубаев.
ҚР ІІМ Жеке қауіпсіздік департаменті жүргізген қызметтік тексеру қорытындысы бойынша, ішкі істер органдарының этикалық кодексі талаптарын сақтамаған Жарасхан Ақбердиев қызметінен шеттетілді. Оның орнына полиция подполковнигі Саят Омарғазин тағайындалды. Бұған дейін Омарғазин ҚР ІІМ Көліктегі ІІД ЖҚБ басшысының орынбасары болып еңбек еткен.