ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінің арасында өткен спартакиаданың жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Мұрат Жакеев/ - Бүгін Астанадағы «Алатау» спорт сарайында ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінің арасында өткен спартакиаданың салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Министрліктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, спартакиада биыл жарты жылдай уақытқа созылды және спорттың шағын футбол, кір тасын жатып сығымдап көтеру, жүзу, волейбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, Макаров тапаншасынан және Калашников автоматынан ату сияқты түрлерін қамтыды. Бәсекелерге министрліктің комитеттері мен департаменттерінің және дербес басқармаларының атынан 15 команда қатысты.

Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен зейнетке шыққан бұрынғы қызметкерлерге де жарысқа қатысуға рұқсат берілді. Биыл сондай-ақ алғаш рет ІІМ Академиясы Ғылыми-зерттеу институтының командасы да қатысты.

Бәсекелердің қорытындысы бойынша, командалық біріншілікте бірінші орынды - соңғы бес жыл бойы жеңімпаздар тұғырынан түспей келе жатқан ІІМ кадрлық жұмыстар департаментінң командасы иеленді. Олар үстел теннисінен, Макаров тапаншасынан және Калашников автоматынан атудан бірінші орын алды. Екінші орынды - жедел қызмет және Интерполдың ұлттық орталық бюросының командасы, үшінші орынды ведомствоның ардагерлер командасы жеңіп алды.