ІІМ: Соңғы аптада ұйымдасқан қылмысқа байланысты 11 іс қозғалды

АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Соңғы аптада республикада ұйымдасқан қылмыспен күреске байланысты 11 қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ қылмыстық әлемнің 1 беделдісі мен қылмыстық топтың 5 мүшесі ұсталды. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ТМД мен Еуропа аймағынан айдап әкетілген автокөліктерді контрабандалық жолмен саудалау және өзге де түрлі ұрлықтар жасау мақсатында қылмыстық топ құрып, оны басқарғандарға қатысты қылмыстық іс қозғаған. «Ал қарағандылық тәртіп сақшылары қаланың екі тұрғынына күш көрсетіп, олардың құны 3 миллион теңге тұратын дүние-мүліктерін иемденген қылмыстық топ мүшелерін құрықтады. Сондай-ақ Алматы қаласының Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері ЖШС президентін ұрлап, одан 150 миллион теңге бопсалағандары үшін бұрын сотталған 2 азаматты ұстады, қазір осы іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», - деді департамент бастығы.