ІІМ училищесі курсанттары адам құқықтары туралы жаңа пәнді оқып-үйренеді

None
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. Шілденің 7-сі. ҚазАқпарат /Даниел Шайынғазин/ - Полиция қызметкері бірінші кезекте адам құқығын қорғауға міндетті! Осындай ұранмен облыс орталығында Қазақстан Республикасы ІІМ училищесінің оқытушыларына арналған екікүндік тренинг өткізілді, деп хабарлайды ШҚО ІІД баспасөз қызметінен Әйгерім Бақышева.

Шараның бастамашысы - Қазақстанның адам құқықтары бойынша халықаралық бюроның жетекшісі Қуат Рахымбердин өз сөзінде «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ведомстволық оқу орындарында адам құқықтары бойынша курс енгізу» жобасы ЕҚЫҰ қолдауымен енгізілгенін және қазіргі уақытта белсенді түрде атқарылып жатқанын айтты.

- Біздің облысымызда бес мыңнан астам полиция қызметкері жұмыс істейді. Олардың білімдерін көтеру және қайта даярлау мәселелеріне ІІМ мен ІІД басшылары көп көңіл бөледі. Бүгінгі таңда полицейлерді тек қана арнайы пәндерге, яғни жауынгерлік дайындық негіздеріне оқытып қана қоймай, адам құқықтары жөнінде жеткілікті дәрежеде білім беру қажет, - деді Қуат Рахымбердин.

Тақырыптың маңыздылығына қарамастан, тренингтің ерекшелігі - ешкімді мәжбүрлеместен еркін түрде және ұйымдастырушылардың оң көзқарасымен өткендігі. Қатысушылардың арасында бастық немесе бағынышты деп бөлу болған жоқ, олар бір бірін тек есімдерімен атады, бастапқыда тренингтің жұмыс ережелерін анықтап, өз ұсыныстарын енгізді, туындаған мәселелерді бірлесіп шешуге тырысты, тренинг оқытушыларының берген тапсырмаларын оңай орындап шықты.

Ал тренингтің оқытушылары өз кезегінде екі күн бойы училищенің оқытушыларына адам құқықтары жөнінде білім берді. Біздің құқығымыз негізінен бір толықтай пәнді құрайды екен, яғни теория мен тұжырымдаманың кіріспесінен басталып, әр түрлі қазіргі заңдармен аяқталады екен. Дәрістер адам құқықтарының тарихы, сонымен қатар адамның адами қасиеттері, оның өмір сүруге құқығы туралы маңызды бейнефильмдермен араласып тұрды.

- Қазір полиция қызметкерлері де, қарапайым адамдар да өздерінің құқықтары мен міндеттерін білмегендіктен, үлкен қателіктерге ұрынып жатады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз болашақ полиция қызметкерлерін Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген адам құқықтарын қорғауға үйрету. Сол үшін бүгінгі шара бізге, яғни оқытушыларға өте пайдалы болды және өте жоғары деңгейде өтті, - дейді арнайы пәндердің оқытушысы Жанар Мұхамеджанова тренингтен алған әсерін жасыра алмай.

Тренинг аяқталысымен оған қатысқандардың барлығы да сертификатқа ие болды. Енді Өскемен қаласы ІІМ училищесінде адам құқықтары жөнінде жаңа пәннен сабақ берілетін болды.