ІІМ училищесінде «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды

АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат /Даниел Шайынғазин/ - Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының ІІМ училищесінде «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.

Мәдени шараны ҚР ІІМ училищесі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Айсұлу Жәкенова құттықтау сөзімен ашты.

Бұл туралы ҚазАқпаратқа ҚР ІІМ училищесінің оқытушысы, полиция аға лейтенанты Гүлзат Рахымжанова хабарлады.

Оның айтуынша, мұнда барлық жеке құрам және ауыспалы құрам 3 ауылға бөлініп, әр ауыл өздерінің өнерлерін, қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетті. Атап айтсақ, «Есіл» ауылы қазақтың құдаларына тартатын «құйрық бауыр жегізу» рәсімін көрсетсе, «Шәкәрім» ауылы құда түсу, ал «Наурыз» ауылы қыз ұзату, құда күту және тұсаукесер рәсімдерін өз нақыштарына келтіріп көрсетті. Барлық қызметкерлер мен тыңдаушылар бір адамдай болып, жұмыла, белсенділікпен қатысты. Жалпы барлық көрермендер де, қатысушылар да қазақтың салт-дәстүрінің терең ойлары бар және мән-мағынасы өте зор екендеріне көз жеткізді.

«ҚР ІІМ училищесінің мақсаты - парасатты, патриот, білімді, білікті полицейлер дайындаумен қатар, оларды ізеттілікке, инабаттылыққа, парасаттылыққа тәрбиелеу. Осындай шаралар жастарымыздың ұлттық салт-дәстүрге деген көзқарастарын қалыптастырып, оларды өмірлерінде жадында ұстауға және ұстана білуге машықтандырады деген ойдамыз. Мұндай игі іс шаралар бұл оқу орында әлі де жалғасын табатынына сенім мол», - дейді ол.