ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы еліміздің азаматтарына үндеу жолдады

АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің төрағасы еліміздің азаматтарына үндеу жолдады.

Аталмыш комитеттің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда күн сайын балалардың қатысуымен кем дегенде 3 жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Ал бір жылдың ішінде жол-көлік оқиғасының салдарынан 180-ге жуық бала қаза табады. Комитет төрағасының үндеу жолдауына республика жолдарында қалыптасқан осы бір келеңсіз жағдай негіз болған.

Комитет таратқан мәліметтерге қарағанда, жол полициясының өкілдері жағдайды оңалту үшін барлық қажетті іс-шараларды жүзеге асруда. Айталық олар мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерде дәрістерді оқып, жол қауіпсіздігі бойынша әртүрлі сайыстар мен сұрақ-жауап ойындарын өткізеді. Жол полициясының бастамасы бойынша әр мектепте құрылған жас қозғалыс инспекторлар отряды құрдастарының арасында үлкен насихат жұмысын жүргізеді.

«Қыркүйек айында біз жыл сайын «Назар аударыңыз - балалар!» профилактикалық акциясын өткіземіз. Оқу жылының алдында жалпы білім беру мектептеріне және мектепке дейінгі балалар мекемелеріне жақын орналасқан аумақтарды тексеру жұмыстары өткізіледі. Балалардың қозғалуына қауіпсіз жағдайлар жасалып, тиісті жол белгілері, жаяу жүргіншілердің қоршаулары, жасанды жол бұдырлары және басқа жол қозғалысын реттейтін техникалық құралдар орнатылады. Алайда, өзіңіз білетіндей, тек қана жол полициясының күшімен балалар жол-көлік апаттылығының проблемасын шешу мүмкін емес»,-делінген үндеуде.

Осыған қарай тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларын жолда жүру ережесін үйретіп, олардың тәртібін қадағалау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ комитет өкілдері жүргізушілерге де қайғылы жағдайға тап болмас үшін жолда өте сақ болуды ескертеді.