ИКАО талабына сәйкес Азаматтық авиация комитеті білікті мамандарды тартуды жалғастырады

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ескертулерін жою мақсатында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің штаттық саны 65 қызметкерге дейін артты.

Олардың 40-ы ұшу қауіпсіздігі бойынша мемлекеттік инспекторлар.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.

Авиация әкімшілігінің штаттық санының аздығы және мамандар біліктілігінің төмен болуы Қазақстанның Еуроодақтың «қара тізіміне» енуіне бірден-бір себеп болған еді. Салаға білікті мамандарды тарту мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен еңбекақысының көлемі сала мекемелеріндегі орташа жалақы көлеміне дейін көбейтілді. Бұған қоса жұмысқа қабылданатын қызметкерлерге қойылар талап та күшейтілді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінде мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа қабылдау конкурсы өткізіліп, нәтижесінде 7 маман қызметке қабылданды.

Жұмысқа қабылданған барлық қызметкерлердің аталған салада 15-20 жылдық және олар ұшақпен 14 мың сағаттық ұшу тәжірибесі бар ұшқыштар болып саналады. Сондай-ақ, бұлардың қатарында аэронавигация диспетчерлері, ұшуларға метеорологиялық қызмет көрсету инженерлері, ұшу жарамдылығына дайындау бойынша Еуропалық авиация стандарттары бойынша оқу курстарынан өтіп, тиісті сертификатқа ие болған, ағылшын тілін еркін меңгерген тәжірибелі мамандар бар.

«Азаматтық авиация комитеті жақын уақытта мемлекеттік инспектор қызметкерінің бос тұрған 11 вакансиясына кезекті конкурсты жарияламақ. Нәтижесінде ағымдағы жылғы тамыз айының соңына дейін Комитеттің азаматтық авиация саласында бақылау-қадағалау қызметін атқаратын барлық басқармалары авиациялық білімі және аталған салада айтарлықтай еңбек тәжірибесі бар мамандармен толығымен жасақталмақ», - делінген баспасөз баянында.