ИКҰ-ның Бас хатшылығы дінаралық және мәдениетаралық диалогты көтермелеу үшін қосымша шаралар өткізуге өтініш жасады

А. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанның Сауд Арабстандағы Елшілігінің ақпаратына сәйкес, Ислам конференциясы ұйымының Бас хатшылығы осы құрылымға мүше елдерге 2010 жыл бойы әлем игілігі үшін өзара түсіністік пен ынтымақтастықты, дінаралық және мәдениетаралық диалогты көтермелеу жөніндегі қосымша шаралар өткізу туралы өтініш жасады.

Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Брифингте 2010 жылды ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша БҰҰ Халықаралық мәдениеттердің жақындасуы жылы деп жариялағанын айтқан А. Әбдірахманов: «ИКҰ-ның Бас хатшылығы өркениетаралық және дінаралық диалогты ілгерілетудегі Қазақстанның бірегей қызметін мойындайды және осыған байланысты Ұйымға мүше-мемлекеттерге олардың 2010 жылы аталмыш салада жоспарланған шаралары, сондай-ақ ықтимал көзқарастары мен ұсыныстары туралы Қазақстан жағын хабардар етуін өтінуде», деді ресми өкіл.

«Ислам конференциясы Сыртқы істер министрлер Кеңесінің келесі төрағасы ретінде Қазақстанның сайлануы, беделді ұйым тарапынан біздің мемлекетке деген жоғары дәрежелі сенімді дәлелдейді. Қазақстан аталмыш төрағалыққа жоғары мән береді және оны ЕҚЫҰ-ға төраға қызметі шеңберінде атқарылып келетін әрекеттердің аса пайдалы жалғасуы ретінде қарастырады», деді А. Әбдірахманов.