ИКҰ ядролық таратпау үдерісін алға жылжытудағы Қазақстан мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айырықша рөлін атап көрсетеді

АСТАНА. Тамыздың 29-ы. ҚазАқпарат. Тамыздың 29-да Ислам Конференциясы Ұйымының Джидда қаласындағы (Сауд Арабиясы) штаб-пәтерінде Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күнге арналған фотокөрме өтті,

деп хабарлайды ИКҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігі. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бастамашылығы кезінде БҰҰ Бас Ассамблеясы мен ИКҰ тарапынан толық қолдау тапқан болатын.

Шараға қатысушыларға ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың үндеуі таратылды. Онда полигонның 40 жылдық тарихы мен оның салдарлары суреттеліп, Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың 1991 жылы тамыздың 29-да Семей полигонын жабу туралы шешім қабылдау үдерісі айтылған.

ИКҰ өкілдері мен ИКҰ-ға мұше 57 елдің дипломаттары ядролық қаруды жарудың адам айтқысыз салдарлары мен қазақ халқының ерлігі мен табандылығына тәнті болды. Қазақстан басшысының ядролық қарудан бастарту туралы шешімі, олардың пікірінше, бұрын-соңды болмаған қадам және дүниежүзілік қауымдастық алдындағы аса үлкен жауапкершілікті түсінгендікті көрсетеді. Бұл барлық елдер мен әлемдік көшбасшылар үшін үлгі болуы тиіс.

Фотокөрме ҚР Президентінің Яролық қарусыз әлем туралы жалпыға бірдей декларацияны талдап жасау мен қабылдау туралы жаңа инициативасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Осы тұрғыдан Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қ. Саудабаевтың ғаламдық ядролық қауіпті бәсеңдетуде Қазақстанның және халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне қосылу жөніндегі үндеуі ИКҰ мен оның негізгі мүшелері тарапынан айтарлықтай қолдау тапты.

Бас хатшы Э. Ихсаноғлудың атынан сөз сөйлеген ИКҰ Бас хатшысының орынбасары А. Алим Ислам Конференциясы Ұйымы ядролық таратпау үдерісін алға жылжытудағы Қазақстан мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айырықша рөлін атап көрсететінін айтты. Қазақстан полигон жабылғаннан кейін де ғаламдық антиядролық қозғалыстың жетекші мүшелерінің бірі болумен қатар, ядролық таратпау жүйесін нығайтуға да ұзақ жылдар бойы тұрақты үлес қосып келеді.

Ол, ИКҰ және оның институттары өзінің 57 мүше-мемлекеттері атынан ядролық қарусыз әлемге қарай «қазақстандық шеруге» қосылатынын және Семей аймағына саяси, экономикалық және қаржылық тұрғыдан қолдау көрсете беретінін айтты.