Илья Ильин Ауыр атлетика федерациясын басқарғысы келеді
«Командаммен бірге федерацияны қолға алуға дайынмын. Иә, менің миллиондаған қаражатым жоқ, бай адам емеспін. Бірақ, спорттың бұл түрінің ұңғыл-шұңғылын жетік білемін. Қолдауларыңызды өтінемін. Міндет жүктеңіздер, Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп шығайық», - деді Илья Ильин Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Осы орайда ол өзіне ауыр атлетика жаттықтырушылары хабарласқанын жеткізді.
«Бұл - елімізге медальді ең көп әкелетін спорт түрінің бірі әрі оны сақтауымыз қажет. Кеше маған жаттықтырушылар хабарласып: «Илья, бірдеңе істеу керек» деді. Олар бір команда болып ашық әрі нәтижелі жұмыс істеуді, қордаланған проблемаларды шешуді ұсынып отыр. Ал проблема жеткілікті. Медаль әкелсек, артынан іле-шала допинг дауына ұрынамыз. Спортшылармыз 3 жылға дейін үлкен жарыстардан шеттетіледі», - деді спортшы.