АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 желтоқсанда Катар астанасы - Доха қаласында халықаралық Катар кубогы турнирі басталады. Аталмыш турнирге Қазақстан құрамасы сапында 9 спортшы қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетерлігі, аталмыш турнирде 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама беріледі. Сондықтан жарыс барысында оған қатысушылар Олимпиадада жүлделер сарапқа салынатын салмақ дәрежелерінде сынға түседі.
Ұлттық құрама сапында 109 келі салмақта белгілі ауыр атлет Илья Ильиннің бақ сынайтыны белгілі болды.
Естеріңізге сала кетелік, ол бастапқыда 1-10 қарашада Түрікменстан астанасы - Ашхабад қаласында өткен әлем біріншілігіне баратын спортшылар тізімінде болған еді.
Кейіннен ол алған жарақатына байланысты оған қатыса алмайтынын мәлімдеді.
Катар кубогы турнирінде Илья Ильиннен өзге Арли Чонтэй (55 келі), Игорь Сон (61 келі), Фархад Харки (67 келі), Нижат Рахимов (73 келі), Айдар Қазов (81 келі, Рүстем Сыбай (96 келі), Карина Горичева (64 келі) және Раушан Мешітханова (87 келі) бар.
Аталмыш турнир 23-желтоқсанға дейін жалғасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.