Қазір ол Англияда ағылшын тілін меңгеріп жүр. Кездесу барысында Қазақстанның атын әлемге паш еткен спортшы жеткен жетістіктерінің қыр-сырымен және алдағы жоспарларымен бөлісті. Төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин еңбекқорлығы, қарапайымдылығы әрі әзілқойлығымен Лондондағы UCL университетінің студенттерін тамсандырды. Жастардың қызығушылығын арттыратын мұндай қызық кездесудің білім ошағында ұйымдастырылмағанына біраз болған екен.
«Мен Англияда білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесуге мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Отандастарымның сауалдарына жауап берумен қатар, олардың өмір тынысымен таныстым. Біздің бір-бірімізден үйренеріміз көп деп ойлаймын»,- дейді екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин.
Warwick университетінің студенті Болат Насығасының айтуынша, Ильямен кездесу тек орыс тілінде өткен. Соған қарамастан, оған британдықтар да қатысты. Студенттік ауыр атлетика клубының мүшелері әлем чемпионымен тікелей жүздесіп, қолтаңба алғандарына риза.
«Илья Ильин біз үшін аты аңызға айналған спортшы. Әлем чемпионының қолын алып, көкейіміздегі сауалдарымызды қоюға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Ол бізге шеберлік сыныбын өткізуге уәде берді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе»,- дейді қуанышын жасыра алмаған Ауыр атлетика клубының мүшесі Бенедикт Уильямс.
Кездесу барысында Илья Ильин үлкен спортпен үш жылдан соң қоштасатындығын жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта жаттықтырушы болатындығын және қайырымдылық жобаларымен айналасатындығын атап өтті. Илья Тұманды Альбионда білімін жетілдірген жалғыз қазақстандық спортшы емес. Оған дейін Олимпиада чемпионы Серік Сапиев ағылшын тілі курсын оқыған еді. Ал бірер күнде тап осы мақсатпен былғары қолғап шебері Бахтияр Артаев Англияға бармақ. Мұндағы қазақстандық студенттер Бахтиярдың құрметіне футболдан жарыс ұйымдастыруды ойластыруда, деп хабарлайды 24.kz.