Іле Алатау паркінің туристерден 44 мың теңге алғаны рас па

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Іле Алатау ұлттық паркі» АҚ  «туристерден 44 мың теңге алды» деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нысанның Фейсбуктегі ресми парақшасында Шакир Исламбакиев есімді қолданушыға жауап берілді.

«Ашудан жарылатын шығармын. Мына адамдардың Үлкен Алматы көлінде 44 мың теңгесін тартып алған. Көлге жақын келгені үшін! Шекараны бұзғаны үшін! Мылтық асынған жігіттер оларға жақындап кеп, әрқайсысынан 100 доллар талап еткен. Олар қолындағы барын берген. Бұл қашанға дейін жалғаспақ? Мүмкін сіздер өзеннің айналасына белгі қойып шығарсыздар?», - деді Шакир Исламбакиев жазбасында.

Алматылық жігіттің наразылығына Іле Алатауы ұлттық паркі ресми жауап қайтарды.

«Үлкен Алматы көлі - Алматыдағы таза ауыз судың жерүстіндегі жалғыз қайнар көзі. ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы  № 933 қаулысына сәйкес, Үлкен Алматы көлі аса маңызды стратегиялық нысан болғандықтан, күзетке алынған. Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 28 тамыздағы №876 қаулысына сәйкес ҮАК террористік шабуылға ұрымтал нысан болып табылады. Осыған байланысты көл жағалауы мен гидротехникалық құрылғылардың жанына баруға тыйым салынған», - деді парктің баспасөз хатшысы, туризм маманы Дулат Әбенов.

Оның айтуынша, шетелдік туристерден ақшаны Іле Алатау паркінің қызметкерлері алмаған.

«Бұл нысан «Алматы электростансасы» АҚ меншігіне қарайды. Террористік актінің алдын алу мақсатында АҚ пен ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі келісімге отырған. Одан бөлек, ҮАК шекара аймағында орналасқандықтан, ол аймақ ҰҚК шекара қызметі қызметкерлерінің бақылауында», - деді Дулат Әбенов.

Оның айтуынша, Үлкен Алматы көлінің айналасында тыйым салынған белгілер бар.

«Ол қаржыны біздің қызметкерлер алмаған. Ақша беру дерегі бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрек агенттігіне хабарласуыңызды сұраймыз», - деді ол.

Іле Алатау паркі аймағына кіру құны - 440 теңге. Оның 240 теңгесі Салық кодексіне сәйкес алынатын алым болса, 200 теңге - мемлекет бекіткен тариф.

Ал Үлкен Алматы көлін суретке немесе видеоға түсірген кезде абай болу керек. Егер кәсіби жасалған фото немесе видеотүсірілім болса, 25000- 55 000 теңге арасында ақы төлеуге тура келеді.