«Іле Алатауы» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағына келушілер саны 193 мың адамға жетті

None
АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Іле Алатауы» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағына келушілер саны былтыр 193 мың адамды құрады. Саябақ бас директоры Марлен Айнабеков бүгін Алматыда «Саябақтар шеруі» акциясына байланысты өткізілген баспасөз мәслихатында осылай айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. 199,7 гектар аумақты алып жатқан «Іле Алатауы» саябағы 1996 жылы құрылған болатын. Ал 2008 жылы оның басқаруына Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бұйрығымен «Баум тоғайы» да қосылды. Саябақтың бас директоры Марлен Айнабековтің айтуынша, «Іле Алатауына» биыл бюджеттен 316 миллион 953 мың теңге бөлініп отыр. Оның 124 миллион 766 теңгесі жалақы қорына аударылады. «Жасыл ел» республикалық бағдарламасына қатысатын саябақта 2008 жылы 100 гектар жерге көшет отырғызылған еді, бұл жұмыс биыл да өз жалғасын таппақ. Мәселен, орманды қалпына келтіру жұмыстарына биыл бюджеттен 24 миллион 370 мың теңге бөлінсе, былтыр ол 11 миллион 775 мың теңгені құраған болатын. «208 жылы табиғат қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 203 оқиға анықталды. Оның 74-і - заңсыз аң аулау, 68-і - балық аулау, бесеуі - рұқсатсыз мал жаю. Жалпы алдыңғы жылмен салыстырғанда заңбұзушылықтардың саны - 11 пайызға, ал оларға салынған айыппұлдың көлемі 17 пайызға өсіп отыр», - дейді Марлен Сансызбайұлы.