Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Іле Алатауы тауларында адасып кеткен қыздарды іздеді. Төрт студент 10 наурыз күні таңертең Көкжайлау- Просвещенец бағытына туристік жорыққа шыққан болатын.
«7 адамнан тұратын жедел құтқару тобы тез арада шақырту орнына барды. Олар жоғалған адамдарды тез тапты. Ешкімге медициналық көмек керек болған жоқ» делінген хабарламада.
Құтқарушылар тауға шығар алдында қайда баратыныңызды және қашан қайтатыныңызды жақындарыңызға айтып қою керектігін еске салады. Жолға шықпас бұрын бетке алған бағытыңызды егжей-тегжейлі зерттеп, танысып алған жөн.
«Тауға жиналғанда ыңғайлы треккинг аяқ киімін киіңіз және таудағы температуралық режимнің өзгеретінін есте сақтаңыз (әрбір 100 метр сайын шамамен бір градусқа төмендейді). Сондықтан тауда елдімекенге қарағанда әлдеқайда суық. Осыны есте сақтап, жылы киініңіз» деп ескертеді құтқарушылар.