Іле Алатауында Мәншүк Мәметова атындағы мұздықтағы №6 көлдің жағдайы қалыпты

АЛМАТЫ. 18 шілде. ҚазАқпарат - Мәншүк Мәметова атындағы мұздықтағы №6 көлдің жағдайы қалыпты, деп хабарлады Алматы әкімінің баспасөз қызметі.

Кеше  Алматы қаласы жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы, «Қазселденқорғау» МК-нің бөлімшесі және қалалық ТЖД көлдің жағдайын бақылады.

ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау»  МК-нің бас инженері Исан Қоқамбаевтың пікірінше, көлдегі қазіргі жағдай бірқалыпты. Бұл жерге монитор жүргізіліп, тұрақты бақылауға алынды. Мониторингтің көрсетуі бойынша судың деңгейі өз ауқымынан 50 см төменде. Арнайы сифон қойылып, секундтына 50 литр су сыртқа шығарылып, тәулігіне 153 текше метр су  ағызылады. Осылайша мұздықтар мен судың балансы қамтамасыз етілген.

«Біз көлді 1997 жылдан бері бақылауға алғанбыз. Алматыға көлден келер еш қауіп жоқ», - деді Исан Қоқамбаев.

Алматы қаласы жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Юрий Ильин 3 мың метрге биіктіктегі «Мыңжылқы» бөгеті үлкен қалқан екенін айтты. Ол 300 мың текше метр суды қабылдай алады. «Медеу» плотинасы 1733 метрде, ол 12 млн. текше метр су қабылдайды.

Басқарма бастығы көп жылғы бақылауларға сүйене отырып, қаланың тау бекетінде 2 мың метрге дейін жауын- шашын сулары мен еріген қар суы жиналатынын жеткізді. Ал 3 мың 600 метр биіктікке орналасқан Мәншүк Мәметова атындағы мұздықта жауын-шашын аз. Қазіргі кезде жергілікті бюджет есебінен «Беделбай» және Батарейка деп аталатын селден қорғау плотиналарының техникалық- экономикалық негіздері жасалып, құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Құжаттар Үкіметтің қарауына жіберілген.

«№6 көлдегі судың деңгейі барынша төмен және ол қалаға еш қауіп туғызбайды. Көлдегі жағдай біздің мамандардың тұрақты бақылауында. Болашақта мұздықтардың еруіне орай су балансын жинақтау мәселесін қарастырған жөн. Бұл біздің ұрпақтарымызға су тапшы болған кезде таза су ішуге мүмкіндік береді», - деді Юрий Ильин.