Оның айтуынша боран салдарынан табиғатқа келген зиян орасан. Сондықтан оның орнын толтыруды тек мемлекеттік мекемелерге сілтеп отыра беруге болмайды. Сондықтан бірнеше қоғамдық ұйым бірігіп, Алматы маңындағы жасыл желекті қалпына келтіруге қатысты бірқатар шараларды қолға алмақ. Ол бұл мақсатта арнайы қор құрылғандығын да мәлім етті. «Жасыл Наурыз» қоғамдық қорына енді Алматы тауларының көркем табиғатын қалпына келтіруге үлес қосқысы келген азаматтар қаржы аударып, көмек білдіре алады.
«Медеу мен Шымбұлақтың табиғатын қалпына келтіру бәрімізге парыз болуы тиіс. Өйткені боран салдарынан 100 мыңға жуық ағаштың құлауының салдары орасан. Ағаштардың Алматының шаңы мен лас ауасын тазартуға үлесі зор болатын. Ендігі жерде таудағы қар тез еріп, ауыз су мәселесін, сонымен қатар ауаның одан әрі ластануын тудыруы мүмкін. Алматы жұртшылығы ішетін судың 80 пайызы осы тау суларынан алынады, ауа онсыз да лас», - деді М. Елеусізов.
Ол бұл жобаның басы ретінде «Өмір ұрығы» атты жобаны қолға алып, Алматы мектептерінің маңына ағаш отырғызуды, оқушыларға арналған «Эко клуб» ашып, ағаш егу мен табиғатты қорғаудың қыр-сырын үйрететіндіктерін айтады.
Сонымен қатар аталған одақ 30 тамыз күні «Биттлз» фестивалін өткізбек. Бұдан түскен қаржы Медеуде «Жас отбасылар» аллеясын ашуға жұмсалады. «Әрбір жаңа үйленген жас аталған аллеяға ағаш егіп, Медеуде ағаш санын көбейте алады. Бұл да жүз мыңдап құлаған ағаштың орнын қалпына келтіруге көмек», -деді Табиғат төрағасы. Ол өз сөзінде Алматыда ағаш қалмай бара жатқандығын да атап өтті. «Жасыл ағаштарды кесу науқанға айналды. Ағаштар кесіліп, көшелер кеңейтіліп жатыр. Қазір қалаға күніне 80 мың көлік шығады. Олардан экологияға орасан зор зиян келуде. Бұнымен күресу үшін керісінше ағашты көбейту қажет», деген Елеусізов, бұған дейін Алматының ауасын тазартуға Медеу мен Шымбұлақ беткейлеріндегі ағаштың көмегі орасан болғандығын айтады.
Ол өз сөзінде құлаған ағаштарды тазалау дұрыс жүргізілмей жатқандығын да атап өтті. «Тазалау жұимыстарына бұл салаға маманданбаған адамдар тартылуда. Олар ағаштарды қалай болса солай дайындап, жер қыртысын бұзуда», - дейді эколог.