«Кең байтақ жерімізде көптен күткен 6 мемлекеттік табиғи резерватымыз пайда болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 маусымдағы №381 қаулысымен Алматы облысы Балқаш ауданының аумағында «Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резеваты» құрылды. Мекеменің жалпы ауданы 415164,2 га құрайды. Бұл резерваттың басты мақсаты - қазақ жеріне тұран жолбарысын қайта жерсіндіру», - деп жазды Сәкен Ділдахмет.
Сәкен Ділдахметтің жазуынша, бұл жобаны елімізге алып келу үшін біраз жұмыстар атқарылып, ұзақ жылдар бойы зерттеулер жүргізілген.
«Осы жұмыстардың нәтижесінде 2017 жылғы 8 қыркүйекте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Дүниезжүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) жолбарысты қайта жерсіндіру бойынша меморандумға қол қойды. Өткен ғасырдың 40 жылдарында елімізде жойылып кеткен жолбарысты қайта оралту үшін осы мекеме басты қызметті атқармақ. Алдымызда үлкен жұмыс тұр. Іле-Балқаш өңірінің экологиясын қалпына келтіру, тоғайлы орманды өсіру, жабайы жануарлар санын көбейту. Осы идеямыз өз нәтижесін беріп жатса, еліміздің экологиясы үшін атқарылған үлкен істердің бірі болмақ», - дейді ол.
Еске сала кетсек, қазақ даласына жолбарыс Ресей жерінен әкелінеді. Алайда оған дейін Іле-Балқаш резерватында осы жыртқыштарға қорек болатын ортаны қалыптастыру қажет.