«Іле картон қағаз комбинаты» АҚ-ы басшылығына «Қазақстан даму банкінің» қаржысын жымқырды деген айып тағылды - апталық брифинг

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 10-ы күні соттың рұқсатымен «Альянс Банк» акционерлік қоғамының басқарма бастығының орынбасары Мамырбеков қамауға алынды.

Тергеу шаралары «Альянс Банктің» есепшісі болып табылатын аталмыш азаматты 1,1 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі несиелер бойынша қазынашылықтың облигацияларында тиісті мәліметтерді қасақана көрсетпегендігін анықтады. Оған қазір осы қаражатты жымқыруға атсалысты деген айып тағылып отыр. Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған   брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сондай-ақ оның айтуынша, қаржы полициясының қызметкерлері  «Іле картон қағаз комбинаты» акционерлік қоғамының «Қазақстанның даму банкінен» займ ретінде алған 65 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржысының мақсатты жұмсалуын тексеру кезінде 3 миллион 350 мың доллар тұратын өндіріс құралдарының жоқтығын анықтаған. «Ал бұл құралдар тиісті құжаттарда комбинатқа жеткізілді деп көрсетілген. Осыған байланысты қаржы полициясының өкілдері «Іле картон қағаз комбинаты» акционерлік қоғамының басшылығына қатысты «Қазақстанның даму банкі» қаржысын алаяқтық жолмен алды» деген айыппен қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда аталмыш іс бойынша тиісті тексерулер мен сараптау шаралары жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижелері бойынша шара қолданылады», деді ресми өкіл.