Ілеспе аудармашылар курсын ұйымдастыру мәселесі қарастырылуда

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ілеспе аудармашыларды дайындау курстарын ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында мемлекеттік қызметшілерге ілеспе аударманы оқыту курстары жүргізілді. Атап айтқанда, 2017 жылдан бері 131 адам қазақ-орыс, орыс-қазақ, ағылшын-қазақ, қазақ-ағылшын тілдерінде ілеспе аударма жүргізу курстарында оқыды. Аталған курстар аясында ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру, аударма теориясы, ауызша аударманың ерекшеліктері, ілеспе аудармаға қажетті базалық грамматикалық және фразеологиялық үлгілер, сөздік қорды байыту бойынша дәрістер жүргізілді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Оның дерегінше, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 13 қазандағы №569 бұйрығына сәйкес «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» білім беру саласының «Тілдер мен әдебиет» даярлау бағыты аясында «Аударма ісі» білім беру бағдарламаларының тобы іске асырылуда. «Ілеспе аударма» білім беру бағдарламасы бойынша Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мамандар дайындайды.

«Қазіргі кезде Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленуде. Аталған тұжырымдама бекітілгеннен кейін оны іске асыру жоспары аясында ілеспе аудармашыларды дайындау курстарын ұйымдастыру мәселесі қарастырылатын болады. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігіне орталық мемлекеттік органдарда аударма жұмысына бейімі бар мемлекеттік қызметшілер арасынан ілеспе аударма практикасы бойынша тағылымдамадан өтетін мемлекеттік қызметшілер тізімін қалыптастыру тапсырылды. Сондай-ақ министрлік алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының аппараттарында ілеспе аударма жасау және заң шығару ісінің аударма жұмысы бойынша қызметкерлердің тағылымдамадан өту жұмыстарын үйлестіретін болады», - деді Әлихан Смайылов.