— Бүгінде ұйымның халықаралық аренадағы салмағы және жаһандық үдерістердегі рөлі нығайып келеді, — деді ол.
Әлиевтің сөзінше, бейресми кездесулер тиімділігін көрсетті, яғни мемлекеттер арасындағы өзара үйлесімге оң әсер етіп жатыр. Ұйым түркі мемлекеттерінің саяси, экономикалық қарым-қатынасында маңызды алаңға айналды.
Сонымен қатар, ол түркі елдері цифрландыру және ЖИ саласында жаһандағы көшбасшы мемлекеттердің қатарында болуы керек екенін атап өтті.
— Әлем цифрлық даму мен жасанды интеллектінің жаңа кезеңіне қадам басты. Түркі елдері бұл үдерістің ең алдында болуы тиіс, — деді Ильхам Әлиев.
Оның сөзінше, Әзербайжанда бұл бағытта айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, Цифрлық даму кеңесі, Ұлттық жасанды интеллект орталығы және Жасанды интеллект академиясы құрылған. Сонымен бірге, технологияларды дамыту бойынша стратегия қабылданған. Инновациялық шешімдерді мемлекеттік басқаруға енгізуге де баса мән берілуде.
Одан бөлек, Әлиев түркі кеңістігінде цифрлық интеграцияны, соның ішінде «Цифрлық Жібек жолы» жобасын жүзеге асыруға шақырды.
Сонымен қатар, Орта дәліз аясында Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын дамытудың өзектілігіне тоқталды. Өйткені, ол аймақтың стратегиялық маңызын арттырады.
Айта кетейік, бұған дейін Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзербайжанның стратегиялық байланысы жөнінде мәлімдеме жасағанын жазғанбыз.