Қазақ ұлттық өнер университеті Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тұлғалар тағылымы» айдарымен тәуелсіз ел орнатудың басы-қасында болып, азаттықтың алғашқы таңынан Елбасының жанынан табылып, нардың жүгін жеңілдеткен қайраткер, шығармашыл тұлғалармен кездесу өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Сондай кездесудің кезекті қонағы - көрнекті композитор, белгілі жазушы, өнер зерттеушісі, суретші Ілия Жақанов. Бойына композиторлық, жазушылық, суретшілік секілді үш өнерді тоғыстырған І.Жақановтың шығармашылығы сан салалы.
І.Жақанов 1936 жылы мамыр айының 6 жұлдызында Жамбыл облысы Сарысу ауданы Ақтоғай ауылында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. ҚазССР Министрлер Кеңесінің теледидар мен радио жөніндегі Мемлекеттік комитеті жүйесінде әдеби редактор, Қазақ радиосының музыкалық редакциясында бас редактор болып ұзақ жылдар қызмет атқарды. Қазіргі таңда еркін шығармашылықпен айналысуда.
І.Жақанов - ҚазГУ-дың филология факультетін бітірген соң консерваторияға емтихан тапсыруға барады. Сонда оның әндерін тыңдаған емтихан комиссиясының мүшесі, композитор Евгений Брусиловский: «Бұл жігіт - нағыз халық композиторы. Ол даланың музыка академиясын бітірген. Өзінің осы табиғатын бүлдірмейік. Шығаратын әнін сал-серілерше емін-еркін шығарсын» деген екен. Елін әнімен тербеген өнер иесінің әндері бүгінде 200 ден асады. «Түн ортасы болғанда» атты ең алғашқы әнін 1956 жылы жазған композитордың бүгінде халыққа кеңінен тараған «Даниярдың әні», «Жәмиляның әні», «Әселім», «Асылым», «Толағай», «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық», «Есіл бойы», «Ағады Жайық» деген әндері бар.
Өнеріміздің асыл қазыналары, қазақ әнінде өлшеусіз із қалдырған тарихи тұлғалар жайындағы І.Жақановтың зерттеу еңбектері де бір төбе. Атап айтқанда, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Мәди, Естай, Әсет, Кенен, сияқты қазақтың аса дарынды өнер саңлақтарымен қатар Сүгір, Ақбала, Әлшекей, Қайыпназар, Қалдыбек, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Мәкен Тұрлығұлқызы сияқты күйші-композиторлар туралы сүбелі еңбектері ел аузында.
Қазақ өнері қайраткерлерінің өмірін зерттеу негізінде жазылған «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі», «Аққулар қонған айдын көл» атты деректі жинақтары мен «Қарабура» «Ықылас» тарихи-танымдық романдарының авторы Ілия Жақановтың шығармашылық қоры тағы бір кітаппен толықты. Ол - «Дүние шіркін...» деп аталады. Бұл кітап өмірдегі жақын досы, өнердегі рухани жан дүниесі жарасқан, ерекше құрметке лайықты қазақтың біртуар азаматы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбековтің композиторлық өнеріне арналған. Кеш барысында аталған еңбектің халыққа таныстырылымы өткізіледі.
Сексеннің сеңгіріне шыққан І.Жақанов бүгінде өзінің шығармашылық жұмысын үдете түспесе бәсеңдеткен емес. Оған дәлел - 78 жасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін суретші мамандығы бойынша тәмамдауы дер едік.
Шығармашылық кеште Қазақстан Республикасының Ұлттық Мұрағаты І.Жақановтың жеке құжаттар көрмесін қонақтар назарына ұсынатын болады.
Аталған іс-шараға Үкімет мүшелері, Сенат және Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады деп күтілуде.