Иллинойс штатының өкілдері Қазақстандағы президенттік сайлаудың табысты өтуімен құттықтады

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов Иллинойс штатының саяси-қоғамдық, іскерлік және академиялық топтарын Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктерімен таныстыру мақсатында 5-6 сәуір күндері штаттың орталығы Спрингфилд қаласына сапар жасап қайтты.

Бұл сапар «Network Knowledge» телекомпаниясы мен американың жетекші оқу орындарының бірі Иллинойс Университетінің (UIS) бірлескен шақыруымен өтті.

Сапар аясында Е.Ыдырысов «Қазақстанның дамуы және АҚШ-пен стратегиялық серіктестігі» деген тақырыпта дәріс оқыды. Дипломат жиналған қауымды Қазақстанның тарихымен, мемлекет ретінде қалыптасу жолымен, елдегі саяси жаңару және қарқынды экономикалық даму үдерістерімен, сондай-ақ жақында өткен президенттік сайлаудың қорытындысымен таныстырып өтті. Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі қағидалар «еркіндік, бірлік, тұрақтылық және гүлдену» болып табылады, деп мәлім етті дипломат өз сөзінде,

Е.Ыдырысовтың айтуынша, жақында өткен сайлауда Қазақстан халқы «тұрақтылықты, экономикалық дамуды әрі қарай жалғастыру» жолын таңдады. Ол сондай-ақ, сайлаудың ашық және әділ өткенін айтып отырған халықаралық байқаушылардың пікірлеріне тоқталды.

Аптаның соңында осы дәріс «Network Knowledge» компаниясының және «Public Broadcast Corporation» (PBS) телекорпорациясының «The Ambassador Series» бағдарламасында трансляцияланбақ. Аталмыш телекорпорацияның көрермен аудиториясын Иллинойс, Миссури, Айова және Индиана штаттарының 1 миллион тұрғыны құрайды.

Сапар аясында Қазақстан Елшісі сондай-ақ штаттың басшылығымен және бизнес-жетекшілерімен кездесулер өткізді, жоғары білім, орны толтырылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, сауда-саттық және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Американдық өкілдер Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктеріне жоғары баға берді және президенттік сайлаудың табысты өтуімен қ ұттықтады.