Илон Маск Starship кемесі төртінші ұшырылымының уақытын жариялады

Фото: Photo: screenshot

АСТАНА. KAZINFORM – SpaceX үш-бес апта ішінде Starship ғарыш кемесінің прототипі бар зымыран тасығыштың төртінші сынақ ұшырылымын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы SpaceX басшысы Илон Маск мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі. 

Ол кеменің суретін X парақшасында (бұрынғы Twitter) жариялап, оның ұшуына дайындық жүріп жатқанын жазды. Пайдаланушылардың бірі төртінші рейс қашан болатынын және Маск жаңа ұшыру нәтижесінде қандай мақсаттарға жетуді жоспарлап отырғанын сұрады.

«3-5 аптадан кейін шығар. Мақсат – кеменің максималды қыздыру аймағынан (корпусты) өтуі немесе кем дегенде өткен жолғыдан ұзағырақ ұшуы», - деп жауап берді кәсіпкер. 

Үшінші сынақ ұшырылым 2024 жылдың наурыз айында өтті. Ол кезде SpaceX Starship-тің 77 км биіктікте аппараттың атмосфераға енуі кезінде ұшырылымның 49-шы минутында жоғалғаны туралы хабарлады. SpaceX-тің Starship прототипін жер маңайындағы орбитаға шығарудың алдыңғы екі әрекеті де сәтсіз аяқталды. 

Әзірлеуші компанияның жоспарларына сәйкес, Starship ғарыш жүйесі әмбебап болады және басқа нұсқаларда төмен Жер орбитасына ұшулар, спутниктерді ұшыру және Айға, Марсқа, сондай-ақ одан алыс аспан денелеріне миссияларды орындау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Қайта пайдалануға болатын Super Heavy күшейткіші мен Starship Жерге тік қонады деп болжанып отыр.