Илон Маск X Money қаржылық сервисін сәуірде іске қосуды жоспарлап отыр — Bloomberg

АСТАНА.KAZINFORM - Илон Маск жақын күндері X платформасының ішінде жаңа қаржылық сервис — X Money-l3 қолжетімді етуді көздеп отыр, деп жазады BILD.

Фото: BILD

Bloomberg мәліметінше, бұл бұрынғы Twitter негізінде құрылған X платформасын толыққанды суперқосымшаға айналдыру жолындағы негізгі қадамдардың бірі. Яғни қолданушылар тек жазбаларды оқып қана қоймай, қаражат сақтап, төлем жасап, бір-біріне ақша аударып, банктік қызметтерді пайдалана алады. Наурыз айында Маск сервисті алғашқы пайдаланушылар үшін сәуірде іске қосу жоспарланып отырғанын айтқан.

Агенттік дерегіне сүйенсек, X Money әлеуметтік желі ішінде шот, төлем қосымшасы және қаржылық құралдарды біріктіреді. Қазір сынақтан өтіп жатқан функциялар қатарында пайдаланушылар арасындағы аударымдар, Visa дебет картасы, 3 пайызға дейінгі кэшбэк және шоттағы қалдыққа шамамен 6 пайыз табыс есептеу мүмкіндігі бар. Масктың мақсаты - X платформасын пайдаланушы «барлық қаржылық және күнделікті операциясын жүргізе алатын» ететіндей, әмбебап сервиске айналдыру.

Сонымен қатар, Bloomberg және басқа басылымдар X Money сервисі АҚШ-тың барлық штатында толық жұмыс істеу үшін қажетті лицензияларды әлі толық алмағанын жазады. Әңгіме шамамен 44 штат туралы болып отыр, ал күрделі нарықтардың бірі ретінде Нью-Йорк аталады.

Осыған дейін SpaceX акциялары IPO-да сатылса, Илон Маск тарихтағы алғашқы триллионер атанатыны туралы жаздық.