Илон Маск X желісін сатып алған бағасынан 55% төмен бағалады

Илон Маск бұрын Twitter аталып келген X компаниясының құнын 19 млрд долларға бағалады. Бір жыл бұрын миллиардер оны 44 млрд долларға сатып алған еді. Kazinform бұл туралы компанияның ішкі құжаттарын зердеп шыққан The Verge басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pexels/twitter

30 қазанда X қызметкерлері компаниядағы үлесін – бір акциясы үшін 45 доллардан алған. Бұл компанияның құны 19 млрд доллар дегенді білдіреді. Құжаттарда «акциялардың әділ нарықтық құнын X компаниясының директорлар кеңесі анықтайды» делінген. Маск бұл кеңестің өзін әлі толық қалыптастырмаған.

X акцияларына иелік етуші ірі инвесторлардың бірі Fidelity қаржы холдингінің мәліметінше, компанияның нақты құны Маск Twitter-ді сатып алған бастапқы бағадан 65% төмен.

Pew Research Center аналитика агенттігінің бағалауынша, Twitter-дің АҚШ-тағы ең белсенді қолданушыларының 25 пайызы платформаны азырақ пайдаланып, твитті сирек жаза бастаған.

Guideline аналитика фирмасының зерттеуінше, АҚШ-та X желісіндегі ай сайынғы жарнамадан түсетін табыс жылдық мәнде кемінде 55% төмендеді.

Еске салайық, Илон Маск Twitter әлеуметтік желісін былтырғы қазан айында 44 миллиард долларға сатып алған болатын.

Кейін Маск желі қолданушыларына жаңа талаптар енгізе бастады. Мәселен, Twitter жазбаларын оқуға жаңа уақыт шектеуі енгізілді. Тексеруден өткен пайдаланушылар – күніне 10 мың, тексерілмеген аккаунттар – 1 мың, тексерілмеген жаңа аккаунттар – 500 твитті ғана қарай алады.

Сондай-ақ Twitter-дің құс түріндегі логотипін Х етіп өзгертті.

Биылғы қыркүйек айында миллиардер X әлеуметтік желісін барлық пайдаланушы үшін ақылы етуді көздеп отырғаны туралы ақпарат тарады.