Илон Масктың интернеті өңірдегі шалғай ауылдарды да қамтып отыр. Соның бірі Келес ауданына қарасты Жүзімдік ауылдық округіндегі Ақсу елдімекенінде орналасқан №32 жалпы білім беретін мектеп. Ауыл шекаралы аймақта орналасқандықтан мұнда ұялы байланыс жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Ал, ғаламторға кірудің өзі мұң. Сондықтан мектепке спутниктік «Starlink» жүйесі орнатылғанда бірінші кезекте оқушылар мен ұстаздар қатты қуанған.
«Өткен жылы іске қосылған «Starlink» жүйесі тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Тіпті, мамыр айында 4-9 сынып оқушылары «оқу жетістіктерін сырттай бақылау» тестін интернетпен тапсырды. Жүйеде қатып қалу, ашылмау деген мәселелер жоқ. Мектебіміздегі арнайы пәндік кабинеттерде де жоғары жылдамдықты интернет іске қосылып тұр», - деді мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасар Сұңқар Әбдірайым.
Ал, Қазығұрт ауданы Аққұм ауылының тұрғындары бүгінге дейін интернеттің тапшылығын тартып келген болатын. Ұстаздар электронды журнал толтыру үшін, қыр асып, көрші ауылға дейін барған кездері бар. Мектепке Илон Масктың интернеті келгелі сол ауыртпалықтың баршасы да артты қалды. Қазір мектептегі жоғары жылдамдықты интернетті кез келген уақытта пайдалануға болады.
«Мектебіміздегі «Starlink» жұмыс істеп тұр. Ауылға да ұялы байланыс орнатты. 4G бар. Яғни, ғаламторға ноутбукпен де, ұялы телефонменде кіре аламыз. Мектепте аяқтай алмаған жұмыстарымызды үйде жалғастырамыз» - деді Аққұм жалпы білім беретін мектебінің директоры Жұбан Таев.
Жетісай қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектепте 570 оқушы бар. Мұнда «Starlink» жүйесінің жылдамдығы 100-150 Мбит/с құрайды. Ұстаздар онлайн платформадағы жарыстарға еркін қатыса алатын мүмкіндік туғанына қуанып жүр.
«Өткен жылы жаңа ғимаратқа көшкен болатынбыз. Содан бізге спутникті «Starlink» жүйесін орнатып берді. Интернетке кіру жылдамдығы 10 есе артты. Бұл оқушылар мен ұстаздар үшін ізденуге, жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік деп білемін», - деді Ш.Уалиханов атындағы №2 ЖББМ директоры Меруерт Бекенова.
Отырар ауданының орталығы Шәуірдір ауылында орналасқан Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернатта да интернет үлкен мәселе болған. Тіпті, оқушылар тест тапсыратын мезгілде интернет қайта –қайта қатып қала беретін. Содан қосымша модем алып келіп, орнатуға мәжбүрлік туған.
«Біздің мектебіміздегі 36 кабинет толығымен жабдықталған. Әр мұғалімнің алдында моноблок бар. Лед экран, интерактивті тақтамен сабақ өтеміз. Оқушыларымыз онлайн олимпиадаларға қатысып, тест тапсырса, ұстаздарымыз электронды журнал толтырады. Сабаққа ізденеді. Сондықтан интернеттің жылдамдығы аса маңызды рол атқарады. «Starlink» келгелі ең бастысы ғаламторға кіру жылдамдығы артты. Бұрын 30 Мбит/с отырсақ, қазір 80-нен асып жатыр. Жақсы жұмыс істеп тұр» - деді мектеп директорының ақпараттандыру жөніндегі орынбасары Нұрзила Айдарбек.
Түркістан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, өңірдегі 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 581 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 Мбит/с интернет желісі орнатылған. Жақында тағы 33 мектепті оптикамен қамту жоспарланып отыр.
«330 мектеп шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты, техникалық мүмкіндігіне қарай жылдамдығы 512 Кб/с - 20 Мбит/с құрайтын төмен жылдамдықты интернет желісінде отырған болатын. Осы білім ұяларының 329-ы «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ SpaceX компаниясы арқылы «Starlink» спутниктік интернетіне қосылды. Қалған 1 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтатылып тұр. Жаңа оқу жылына дейін олда жоғары жылдамдықты интернетке қосылатын болады. Бұл білім сапасының артуына, оқушылары мен ұстаздардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді», - дейді Түркістан облыстық білім басқармасының ресми өкілі Нұрлан Сұлтанбек.