Имам балаларды құтқарамын деп суға кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әл-Айн қаласының имамы қайғылы жағдайда қаза тапты, деп хабарлады www.muslim.kz.

Қырықтың бесеуіне келген Абдул Рахман Мұстафа Дабис сол күні өзінің ұлы және туысқан інісімен бірге көлге келген болатын. Гидроциклмен көл бетінде серуендеп жүрген олар абайсызда үлкен толқынға кез болып, балалар суға құлап түседі. Ұлы мен туысқан інісін құтқарамын деп жанталасқан Дабисті асау толқын өзімен бірге ала кетті. Қуанышқа орай, балалардың екеуі де аман қалады.

«Ол өзінің ұлы мен інісіне алғашқы болып көмекке ұмтылды. Алайда, ырық бермес асау ағысқа қарсы тұра алмай, опат болды», - делінген жергілікті Al Khaleej газетінде.

Дабис имам өзінің 15 жылдық жұмыс барысында неке қиюмен және отбасылық шариғат кеңесшісі болып қызмет атқарған.