«Иман» журналының №1 санындағы материалдардың дені Мәулітке арналып шықты

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - Елімізде ата дінімізді насихаттайтын, санаулы бірегей басылымдардың бірі «Иман» журналының 2013 жылғы № 1 саны жарық көрді.

Мүбарәк Мәуліттің басталуына орай журнал материалдарының дені осы мерекеге арналған. Оны ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі «Салауат айтып, сәлем жолдайық» деп ашқан. Белгілі ғалым, меценат Осман Нұри Топбаштың «Екі дүние нұры» атты көлемді мақаласы сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі істерін әр қырынан қамтып, оқырманға қызықты етіп жеткізген.

«Салауат» сөзі араб тілінде «берекет», «құрмет ету», «тілек» сияқты мағыналарды білдіреді. Ал діни терминде болса, салауаттың айтушыға байланысты мағыналары да өзгеріп отырады. «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Сөзсіз, Аллаһ тағала мен періштелер әрдайым пайғамбарға салауат айтады. Ей, иман еткендер! Сендер де (Мұхаммедке) салауат айтып, жан-дүниелеріңмен сәлем жолдаңдар!» делінген. ҚМДБ-ның уағыз-насихат бөлімінің «Салауат айтудың маңызы» деген түсіндірмесі мұны жан-жақты талдаған.

Асылбек Ноғаевтың «Дұға жайлы ғибраттар», Алау Әділбаевтың «Әбу Ханифаның түр-тұлғасы мен ерекше қасиеттері», Руслан Қамбаровтың «Ақ неке», Нұрбек Қайырмұхаммедтің «Есірткі -қасірет» атты мақалалары қалың көпшілікке ой салары анық.

Жалпы, «Иман» журналының бұл санында мұнан өзге де қызықты да тартымды материалдар оқырман назарын өзіне аударары хақ.