***
Парламенттегі үш партиялық фракциялар өкілдерінің мерзімінен бұрын Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын өткізу жөніндегі бастамасы Қазақстан жұртшылығын дүр сілкіндіргенін «Егемен Қазақстанның» беттерінде күнде жарияланып жатқан пікірлер күнделікті жариялануда. Бұл бастама, сонымен бірге, халықаралық қоғамдастықтың да назарын аударып отыр. Бүгін басылым шетел сарапшыларының осы ұсынысқа орай білдірген пікірлерінің топтамасын «Мерзімінен бұрын сайлау өткізу: шетелдік сарапшылар не дейді?» деген тақырыппен ұсынды. Мәселен, Германия Бундестагының депутаты Генрих Цертиктің ойынша, қазақстандық әріптестері дұрыс шешім қабылдады. «Мен қазақстандық әріптестерімнің шешіміне сенемін. Бұл дәл уақытында, ойластырыла шешілген. Қазақстанда Ұлт Жоспары қабылданды, елдеріңіз осы реформаны орындау жолымен жүріп келеді. Әлемде тұрақсыздық орын алып жатқанда, осындай бағытта алға қарай жылжу өте дұрыс шешім. Ал жаңа Мәжіліс Президент алған қойған тапсырмаларды орындауға жаңа күшпен кіріседі», - дейді ол.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлмен «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі арасындағы сұхбат бас басылымның бүгінгі нөмірінде жарияланды. Негізінен дін мәселесіне, ДАИШ содырлар тобына қатысты өрбіген сұхбат барысында Б.Смағұл: «Біздің топырағымызда орныққан ислам дінінің ханафи мазхабына қатып қалған қасаң қағидалар мен біржақтылық жат деп ойлаймын. Мен теріс идеялардың жетегінде кеткен бәзбіреулер айтатындай, «сақалың бір тұтамнан аспаса, мұсылман емессің» деушілерді өз басым құптай алмаймын. Мәселе, тек сақалда болса, мен көрген Ауғанстан дүниежүзіндегі озық елдердің қатарында болар еді ғой... Мен сондықтан да Қазақстан азаматтарын алауыздықтың әсерінен басынан бағы тайып, соғыс өртіне оранған алыс-жақын елдердің бүгінінен сабақ алып, өз елімізде берік орныққан тыныштық пен келісімді қадірлеуге шақырамын. Біз түтіні түзу шығатын қуатты ел болуымыз үшін ғылымға, білімге, жаңашылдыққа жақын болып, еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығын қашанда басты орынға қоюымыз қажет деп білемін», - дейді. Сұхбат тақырыбы: «Иманды айдаладан емес, айналаңнан ізде».
***
Қазақстанның бірнеше қаласында бір-бірінен аумайтын қалалық аңыз бар. Ол жол бойында көлік тоқтатып тұратын елес қыз жайындағы әңгіме», - деп жазады «Экспресс К» газеті сенбілік санындағы «Призраки выходят на трассу» деген тақырыптағы мақаласында. Көркемдік детальдарға сай келетін осынау аңыз түрлі қалаларда желдей еседі. Мәселен, бұл қыз Алматыда Қапшағай тас жолы бойынша көлік тоқтатып тұратынын, жүргізушілер де бірауыздан ол қыздың аяғы аттың тұяғына ұқсайтындығын айтады. Ең бастысы, әлгі елес қыз көліктің соңына түскен кезде теріс бұрылып қарамау керек. Өйткені, жүргізушінің қорыққанынан қуат алатын қыз қуып жетуі мүмкін. Ал Астана мен Алматыда бұл елес қыз - қала сыртында таксист қылмыскердің қолынан қаза тапқан жан. Әдетте, қыз тоқтаған көлік жүргізушісіне өз үйінің телефон нөмірін айтып, ата-анасына жағдайының жақсы екендігін айтуды өтінеді екен. Ал аталған нөмірге хабарласқан адам оның ата-анасынан қыздарының қайтыс болып кеткендігін естиді. Мақалада алматылық инженер Мерей Рыскелдиевтің сөзін келтірген.