Иманғали Тасмағамбетов оқушының өліміне қатысты түсініктеме берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жалпықалалық сенбілік кезінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов №76 мектептегі оқушының өліміне қатысты түсініктеме берді.

«Қазір тергеу амалдары жүруде. Бұл, әрине, қайғылы оқиға. Бұл туралы белгілі болғанда-ақ білім беру басқармасынан, ІІД-ден мамандарды сол жерге жібердік. Олар оқиғаның мән-жайын анықтауда. Адам өлтірген бала Павлодар облысында психологиялық диспансерде тіркеуде тұрып, мұнда келер алдында медициналық мекемеден оның қарапайым мектепте білім ала алатынын растайтын анықтама қағазын берді деген болжам бар. Бұл болжам ғана, сондықтан оның ақ-қарасын ажыратпай жатып, анығын айту әлі ерте», - деді И. Тасмағамбетов.

«Бұл - қайғылы оқиға. Бұндай жайттың орын алуында педагогтарды кінәлауға болмайды. Мұндай жағдайды алдын ала болжау мүмкін емес, алайда бұдан қорытынды шығарған дұрыс. Қазір балалардың мектептегі қарым-қатынасының қандай болғанын анықтаудамыз. Осылайша мұндай оқиғалардың қайталануының алдын алу үшін қажетті шаралар қабылдайтын боламыз», - деп қосты қала әкімі.

Еске сала кетйік, 16 қыркүйек күні оқу үрдісі уақытында №76 орта мектептің оқушылары ерегісіп қалады, жанжал барысында біреуі екіншісінің кеуде тұсына қаламмен қатты соққы жасаған болатын. Кеудеге тереңдей енген жарақат салдарынан 8-сынып оқушысы оқиға орнында жантәсілім етті.

Елордалық Есіл ауданының прокуроры Біржан Мажреновтің айтуынша, аталған оқиға бойынша Астана қаласы ІІД тергеу басқармасымен алдын ала тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. «Алдын ала тексеру амалдарын өткізу ҚР Қылмыстық Кодексінің 15-бабына сәйкес, кәмелеттік жасқа жетпеген сезікті қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа, яғни 14-ке толмағандығы негіз болды. Осы орайда өлімнің себебін анықтауға бағытталған сот-медициналық сараптама және басқа да сот-криминалистикалық сараптамалары тағайындалды», -деді ол.

Сонымен қатар, күдікті 2007 жылдан психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғаны анықталды. Алайда биылғы тамызда дәрігерлік-кеңестік комиссияның қорытындысына сәйкес, 2014-2015 оқу жылында жалпы оқу әдістемелік бағдарлама бойынша орта мектеп жағдайында оқуы ұсынылған. Бұл оның орта мектепке қабылдануына негіз болған.

Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан осы оқиғаның мән-жайын анықтауға байланысты комиссия құрылды.

Ал Астана қаласының Білім басқармасы қыркүйек-қазан айларында барлық мектептердің жоғары сыныптарында түрлі сабақтар, зерттеулер, тестілеу мен ойындар өткізуді жоспарлап отыр.

Атап айтқанда, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы түсініктерін дамыту мақсатында 13-14 жастағы жасөспірімдер арасында құндылықтық бағдарларды және соған сәйкес мінез-құлық формаларын қалыптастыруға бағытталған психологиялық сабақтар; балалардың психологиялық жайлылығын қамтамасыз ету, қорқыныш, сенімсіздік тәрізді психикалық тосқауылдарды жоюға ықпал ету мақсатында 9-11 сыныптарда түрлі кикілжіңді жағдайларға қатысты рөлдік ойындар; ұжымда тұлғааралық қарым-қатынастарды, ресми және бейресми құрылымдарды, топтарды, тұлғааралық қарым-қатынастардың өзгеру сипатын анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оқушылардың психологиялық салауаттылығын анықтау үшін тестілеу өткізіледі. Бұл балаларға толық диагностика жүргізуге және кәмелетке толмағандардың мінез-құлықтарындағы қалыптыдан ауытқушылықтарды алдын-ала анықтауға мүмкіндік береді. Адамгершілік тәрбие беру сабақтары аясында мектеп директорларына, олардың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына, сынып жетекшілеріне арналған «Қазіргі заманда рухани-адамгершіліктік тәрбие берудің басымдықтары», «Оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі ұстаздың рөлі» тақырыптарында оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Құқықтық сауаттылықты арттыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Құқықтық оқытуды» өткізудің ведомствоаралық кестесі әзірленді. Шара аясында дәрістер оқу, спорттық-мәдени шаралар, тренингтер мен семинарлар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар оқушылармен көшпелі практикалық семинарлар, экскурсиялар өткізіледі. Сонымен қатар ата-аналарға арналған «Балаларды лайықты деңгейде тәрбиелемегені үшін әкімшілік жазаға тарту» және «Отбасында толеранттылыққа тәрбиелеу» тақырыптарындағы тренингтер өткізіледі.