Иманғали Тасмағанбетов Минскіде ҰҚШҰ қызметінің қорытындысы туралы баяндайды

Фото: odkb-csto.org

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағанбетов 23 қарашада Минскіде өтетін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясында ұйым қызметінің қорытындысы туралы баяндама жасайды. Kazinform-ның Қырғызстандағы меншікті тілшісінің хабарлауынша, сессия жұмысына қатысатын ҰҚШҰ-ға мүше елдер басшыларының қатарында Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров бар. 

Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Муратбек Азымбакиевтің мәліметінше, сессия Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконың төрағалығымен өтеді. Сессияаралық кезеңде Ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағанбетов ҰҚШҰ қызметінің қорытындысы туралы баяндама жасайды.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мүшелері халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындайды, сонымен қатар ұжымдық қауіпсіздік мүддесін қамтамасыз ететін бірқатар құжат қабылдайды. ҰҚШҰ елдерінің басшылары ұйымдағы Беларусь төрағалығын қорытындылап, Қазақстан Республикасы төрағалық ететін 2024 жылы ұжым қызметінің негізгі бағыттары қандай болатыны туралы ақпарат тыңдайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 23 қарашада Минск қаласында өтетін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады.