Имантау-Шалқар курорт аймағында туризм бірнеше бағытта дамытылады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Имантау курорттық аймағының халық арасындағы танымалдығы жылдан жылға артып келеді. Алайда бұл аймақта әлі күнге шешілмеген мәселе жеткілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Имантау курорт аймағы СҚО Айыртау ауданында орналасқан.

Өңірдің інжу-маржаны саналатын демалыс орны табиғатының әдемілігі бойынша Бурабайға дес бермейді. Қарағайлы-қайыңды ну орманы бар, балыққа толы айдын шалқар көлдің жанында анадайдан менмұндалаған тау тұр.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жақында Имантауда шағын және орта бизнесті дамыту аумақтық бағдарламаларын әзірлеу аясында жұмыс тобы болып, туристік аймақтың әлеуетімен танысты.

«Имантау көлі Көкшетаудан 90 км, Нұр-Сұлтан қаласынан 400 км қашықтықта орналасқан. Шалқар-Имантау курорт аймағы туризм саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасының әлеуеті жоғары ТОП-10-дығына кіреді. Имантау туристердің қызығушылығын тудырып, жылдан-жылға келушілер саны артып келеді. Әкімдіктің мәліметінше, тек былтыр мұнда 60 мың адам демалып кеткен. Бұл Зеренді аймағына келушілерге қарағанда көп. Бірақ мұнда әлі шешілмеген мәселелер баршылық. Соның бірі – жол. Қазір ол жөнделе бастады. Бірақ кей жерлер қиыршық тас төселген күйі жатыр. Екіншісі – кадр жетіспеушілігі. Мұнда туризм бойынша менеджерлерге, аспаз, даяшыларға және қызмет көрсететін басқа да сала мамандарына сұраныс жоғары», - дейді агро-ауыл туризм қауымдастығының өкілі, қонақ үйлердің басқарушысы Илнар Галямшин.

Кәсіпкерлердің айтуынша, Шалқар-Имантау курорттық аймағының әлеуеті жоғары. Мұнда эко, агро-ауыл, балық аулау, спорттық және туризмнің басқа да түрлерін дамытуға болады.

«СҚО-да жаз көп болса екі ай ғана, ал қыс шамамен 6 айға созылады. Сондықтан өңірде қысқы туризмге басымдық берген дұрыс. Туристер бізге қыста балық аулауға, шаңғы және коньки тебуге немесе қыстағы әсем табиғатта демалып, моншаға және көлдегі ойыққа шомылуға келуі керек. Бұл мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі уақытта Имантауда да, Шалқарда да қыста туристерді қабылдауға дайын қонақ үйлер бар», - дейді Илнар Галямшин.

СҚО желкенді қайық спорты федерациясының басшысы Жанат Омаровтың айтуынша, Имантауда яхта клубы ашылған.

Бұл жерде жас туристер апталық курстан өтіп, желкенді қайық спортымен айналыса алады.

«Бізде қазір 7 желкенді қайық бар. Бұл жерде балаларды қайықпен жүзуге 7 жастан бастап үйрете аламыз. Имантауда спорттың бұл түрін дамытуға жағдай бар. Үнемі жел соғып тұрады. Ал жергілікті балалар судан мүлдем қорықпайды. Мектептерде желкенді қайық спорты секциясын ашып, түрлі жарыстар өткізуге болар еді. Спорттың бұл түрін бұқаралық етіп, Имантаудың өзіндік ерекшелігіне айналдыруға болады. Жоспар көп, бірақ оны іске асыруға өз күшіміз жеткіліксіз, мемлекеттің қолдауы қажет», - дейді Жанат Омаров.

Қазір Айыртау ауданында туризмнің 44 нысаны бар. Оның 17-сі Имантау көлінің жағалауында орналасқан.

Бұған дейін Имантау ауылы тұрғындары гүл бизнесін дамытып, петуния өсіретін жылыжайлардың 150-ден асқанын айтқан едік.