Үкімет басшысының айтуынша, бұл мәселе бойынша халықаралық тәжірибе зерттелген.
«Германия, Ресей, АҚШ, БАӘ, Қытай, Түркия және басқа да бірқатар елде бұл норма мүгедектігі бар адамдардың тең құқықтарын қамтамасыз ету тұрғысынан қарастырылады. Кейбір мемлекеттерде ымдау тілін дамытуға бағытталған арнайы заңдар қабылданған. Ал басқа елдерде бұл мәселе салалық нормативтік құқықтық актілер арқылы реттеледі», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің мәліметінше, Қазақстан заңнамасында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтарды әлеуметтік қорғау, оңалту, сурдоаударма қызметтерін көрсету, инклюзивті білім беру және қолжетімді ортаны қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған.
«Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметіне сәйкес, жылдың басында елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала тіркелген. Оның ішінде есту қабілеті бұзылған балалар саны – 4576. Соның 851-і саңырау, 3825-і нашар еститін балалар. Саңырау балалар 22 арнайы мектеп пен 3 арнайы балабақшада білім алады», – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазақ және орыс тілдеріндегі «e-Ымдау» электронды бейнесөздігі мен e-Ymdau мобильді қосымшасы әзірленген.
Арнайы педагогика саласындағы мамандарды 17 жоғары оқу орны даярлайды. Қазір бұл бағытта 5424 студент білім алуда. Ал сурдопедагогтарды үш жоғары оқу орны дайындайды, онда 360 адам оқып жатыр.
Сондай-ақ елімізде инклюзивті мүмкіндіктерді кеңейту үшін жасанды интеллект технологиялары енгізілуде.
«Жоғары оқу орындарында 200-ден астам жасанды интеллект агенті әзірленді. Олардың қатарында электронды сурдоаудармашы да бар. Сонымен бірге ымдау тілін үйретуге арналған ЖИ агенті әзірленіп жатыр. Болашақта қазақ тіліндегі білім беру контентін skills.enbek платформасына енгізу жоспарланған», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің мәліметінше, «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» порталында есту қабілеті бұзылған азаматтарға бейімделген 20 мыңнан астам нысан туралы мәлімет қамтылған «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» жұмыс істейді.
Сонымен қатар ол ымдау тілі мамандары көрсететін қызмет көлемін арттыру қосымша қаржыландыруды талап ететінін атап өтті.
«Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік органдар мен Үкіметтің тұрақты бақылауында», – деді Премьер-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ымдау тіліне арналған электрондық сөздік әзірленгені хабарланған болатын.