Имидждік іс-шараларға бюджеттен қанша қаржы бөлінеді – вице-министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов елімізде өтетін түрлі республикалық және халықаралық форумдар, конференция тағы сол сияқты іс-шаралардың пайдасы барын айтты.
— Республикалық бюджеттің жалпы шығынының ішіндегі имидждік іс-шаралардың үлесі бар болғаны 0,01%. Жалпы, имидждік іс-шаралардың маңызы зор, оның ішінде инвестициялық форумдар да бар. Бұл қазақстандық емес, әлемдік тәжірибе. Бұл практика елге капитал мен инвестиция тартуға, экспорт әлеуетіне ықпал етуге бағытталған. Сондықтан имидждік іс-шараларды белгілі бір деңгейде ақтайды деп ойлаймыз, — деді Арман Қасенов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, елімізге жыл сайын 20 миллиард доллар шетелдік инвестиция құйылады.
— Инвестицияның басым бөлігі дәл осы іс-шаралардың арқасында тартылды. Осындай кездесулер барысында қазақстандық компаниялар да экспорттық келісімдер жасасады. Егер шетелдік инвестицияларды бір күнге шақсақ, онда Қазақстанға күн сайын орта есеппен 50 миллион доллар инвестиция құйылады, — дейді спикер.
Осылайша Ұлттық экономика министрінің орынбасары елімізде өтіп жатқан имидждік іс-шараларға жұмсалатын қаржының ақталатынын айтып отыр. Сондай-ақ іс-шаралардың дені демеушілердің қолдауымен өтеді.
— Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Үкіметтің шығысты шамамен 400 миллиард теңгеге қысқартқанын мәлімдеген болатын. Бұл сома бар, бірақ нақты тізім қазір қолымда жоқ, — деп толықтырды Арман Қасенов.
Еске сала кетсек, былтыр имидждік іс-шаралардан үнемделген қаржының қайда жұмсалатыны туралы жазған болатынбыз.