Имидждік шаралардан бас тарту: үнемделген қаржы қайда жұмсалады

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Президент тапсырмасы бойынша бірқатар іс-шара өтпейтін болды. Еске сала кетсек, биыл Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді.

Осы орайда Kazinform агенттігі Қаржы министрлігінен нақты қандай имидждік іс-шаралардың өтпейтіндігі және қанша қаржы үнемделгені туралы сұраған еді.

«Еліміздің бюджет заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджет дербес жұмыс істейді. Бірқатар өңірдегі қалыптасқан жағдайға байланысты Мемлекет басшысы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларға арналған шығыстарды қайта қарауды тапсырды», - делінген агенттік жолдаған ресми сауалдың жауабында.

Сонымен Президент тапсырмасынан кейін, өтпейтін болған іс-шаралар:

- Астана халықаралық экономикалық форумы; 

- Экология мәселелері бойынша Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК); 

- «Орталық Азия плюс Жапония» саммиті шеңберінде Орталық Азия елдері мен Жапонияның экология министрлерінің кездесуі.

«Осыған байланысты, орталық мемлекеттік органдар нақты көрсетілген қызметтерге сәйкес жұмсалған шығыстарды ескере отырып, тиісті іс-шаралардың күшін жою және бюджет қаражатын қайтару бойынша жұмыс жүргізуде», - дейді ведомстводан.

Қаржы министрлігі үнемделген қаражатты барынша экономикалық қайтарымы бар іс-шараларға қайта бағдарлауды жоспарлап отыр.

«Мемлекеттік органдармен бірлесіп экономикалық және әлеуметтік тиімділікке баса назар аудара отырып, бюджетті жоспарлаудың тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жүріп жатыр», - дейді министрліктен.