Аң мен құсты қорғау санатының ауыстырылуына Антарктика аймағындағы климаттық өзгерістер себеп болды. Қазір климаттың өзгеруіне байланысты теңіз мұзы азайып жатыр. Болжам бойынша 2080-жылдарға қарай император пингвині популяциясы екі есе кемиді, ал Антарктикалық итбалық саны 2000 жылдан бері 50%-ға азайған. Сонымен қатар, оңтүстік теңіз пілі де бұл жолы құс тұмауына байланысты жойылу қаупіне ұшырады.
Император пингвині «ең аз алаңдаушылық тудыратын» санаттан «жойылып бара жатқан түр» санатына ауыстырылды. Спутниктік деректер 2009–2018 жылдар аралығында популяция шамамен 10%-ға (20 мыңнан астам ересек) қысқарғанын көрсетеді. Негізгі қауіп — пингвиндер балапан шығарып, басу үшін қажет мұздың ерте еруі. Мұз ерте ерігенде, балапандар әлсіз күйінде қалып, өліп қалып жатыр. Компьютерлік модельдер парниктік газдар шығарындылары азайтылмаса, бұл үрдіс жалғаса беретінін көрсетеді.
Антарктикалық итбалық саны соңғы 25 жылда екі еседен астамға азайған. 1999 жылы итбалықтардың саны шамамен 2,2 миллион болса, былтыр 944 мың болды. Мұхиттың жылынуы олардың негізгі азығы — крильді тереңірек қабаттарға ығыстырып, қорек тапшылығын туындатты. Әсіресе Оңтүстік Георгия аралы маңында азық жетіспеуі төлдердің алғашқы жылдағы тіршілік ету мүмкіндігін төмендеткен. Бұған қоса, косаткалар мен теңіз леопардтары сияқты жыртқыштар және криль үшін бәсекелесетін киттердің көбеюі де әсер етіп жатыр.
Оңтүстік теңіз пілі жоғары патогенді құс тұмауының таралуына байланысты «осал түр» санатына енгізілді. Ауру бес ірі популяцияның төртеуін қамтып, кейбір колонияларда жаңа туған төлдердің 90%-дан астамы қырылған. Әсіресе жағалауда көп уақыт өткізетін ұрғашылары әлсіз болып келеді.
Ғалымдардың айтуынша, климаттың жылынуымен бірге теңіз сүтқоректілері арасында жұқпалы аурулардың да қаупі арта береді.
— Бұл алаңдатарлық деректер қоғамның барлық салаларын климаттың өзгеруіне қарсы батыл шаралар қабылдауға итермелеуі тиіс. Антарктида — жаһандық климатты тұрақтандыратын және бірегей жабайы табиғатқа пана болатын аймақ, — деді IUCN бас директоры Грэтел Агилар.
Былтыр жыл соңында африкалық пингвиндер қоректің жетіспеуінен жаппай қырылып жатқаны туралы жазған болатынбыз.